«Шанышқымен, үтікпен күйдірді»: Шымкентте балаларын азаптаған ана 5 жылдан астам мерзімге сотталды
Балаларын қатыгездікпен қорлаған әйел темір торға қамалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкентте екі баласына жүйелі түрде қорлық көрсеткен 30 жастағы әйел сотталып, 5 жыл 3 айға бас бостандығынан айырылды. Қалалық қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сот оны кәмелетке толмаған балаларын азаптады деп таныды.
Сот материалдарына сәйкес, әйел 2015 жылы туған қызы мен 2017 жылы туған ұлына тұрақты түрде физикалық әрі психологиялық қысым көрсеткен. Оқиға биыл қаңтарда балалар ауруханаға түскеннен кейін белгілі болған.
Тергеу нұсқасы бойынша, әйел тоғыз жастағы ұлын темекімен көргеннен кейін соққыға жығып, кейін қыздырылған шанышқымен аузын күйдірген. Арада бір күн өткен соң, баланың кешірім сұрағанына қарамастан, оны қайта ұрып-соққан.
Бұдан кейін әйел балаларын 10 мың теңге ұрлады деп айыптап, ұлының бетін үтікпен, қызының ішін ыстық затпен күйдірген. Сонымен қатар балалардың шашын тақырлап алып, психологиялық қысым көрсеткені анықталды. Сот дерегінше, кейін оларды өзенге апарып, мұздай суға секіруге мәжбүрлеп, тұншықтырмақ болған.
Айыпталушының кінәсі өзінің жауабымен, балалардың көрсетулерімен, сараптама қорытындыларымен және өзге де дәлелдермен расталған.
Прокурор әйелге 4 жыл 8 ай жаза сұраған. Айыпталушы сотта кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, өзін түрмеге қамауды сұрамаған. Сот оның өкінішін жеңілдететін жағдай ретінде ескергенімен, әрекеттің ауырлығын назарға алып, 5 жыл 3 айға соттады.
КТК телеарнасының мәліметінше, сот барысында әйел өз әрекеттерін «тәрбие тәсілі» деп атаған. Үкім шыққаннан кейін ол мұндай қадамға «аффект күйінде» барғанын айтып, ұзақ жылдар бойы күйеуі мен енесінен қорлық көргенін мәлімдеді.
Қазір балалар арнайы бейімдеу орталығында. Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы