812

Астанада жұмбақ жағдайда көз жұмған Айсәуле ісі қоғамды дүр сілкіндірді

Оның сөзінше, кибералаяқтардың психологиялық қысымынан кейін қызы 1,1 миллион теңгеден астам ақша аударған.

Астанада жұмбақ жағдайда көз жұмған Айсәуле ісі қоғамды дүр сілкіндірді
facebook.com/sayabek.qanakha

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада қаза тапқан 20 жастағы Қанаха Айсәуле Саябекқызының әкесі құқық қорғау органдарының әрекетсіздігіне қатысты ашық мәлімдеме жасап, киберқылмыспен күрес жүйесін реформалауды талап етті.

Марқұмның әкесі өткен аптада Абзал Құспан атына ресми хат жолдап, құқық қорғау органдарының жұмысына араласуды сұрағанын айтты.

Оның мәліметінше, 2026 жылғы 1 сәуірде Астанада Есіл жағалауынан қызының мәйіті табылған. Әкесі оқиға орнындағы жайттар күмән тудыратынын мәлімдеді. Айтуынша, бойжеткеннің басына полиэтилен пакет кигізілген, ал маңдай тұсында көгерген із болған.

Соған қарамастан, полиция істі Қылмыстық кодекстің «Өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу» бабы бойынша тіркеген. Марқұмның туыстары мұндай өлім тәсілі жас адамның суицидіне тән емес екенін айтып отыр.

Әкесінің сөзінше, қайғылы оқиғадан бері 40 күннен астам уақыт өтсе де, тергеу барысында маңызды дәлелдер толық жиналмаған. Ол оқиға орнында аяқ іздерінің алынбағанын, такси жүргізушісінің әлі күнге дейін анықталмағанын және бейнебақылау жазбалары зерттелмегенін алға тартты.

Сондай-ақ марқұмның телефонына компьютерлік және психологиялық сараптамалар уақытылы жүргізілмегені айтылды.

Әкенің мәлімдеуінше, Айсәуле өлерінің алдында бірнеше күн бойы халықаралық кибералаяқтардың психологиялық қысымына ұшыраған. Сол қысымнан кейін ол 1,1 миллион теңгеден астам қаржыны аударған.

Ол WhatsApp-тағы «Калашников Д.Н.» есімді контактінің деректері ақша алған тұлғалардың бірімен сәйкес келетінін айтып, полиция бұл бағытта толыққанды тексеру жүргізбегенін мәлімдеді.

Марқұмның әкесі полиция оқиғаны екі бөлек іске — «кибералаяқтық» пен «суицидке» бөліп қарастырып отырғанын сынға алды. Оның пікірінше, киберқылмыскерлердің қысымы мен бойжеткеннің өлімі арасында тікелей байланыс бар.

Сонымен бірге ол Киберпол қызметкерлері алаяқтарды іздеудің орнына, ломбард мүддесін көбірек қорғауға тырысқанын айтып, ведомство жұмысына ауыр сын айтты.

Әкесі Мәжіліске жолдаған хатында киберқылмыс арқылы адамды суицидке итермелеу үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуді, арнайы бірыңғай киберорталық құруды және онлайн несие мен ірі аударымдарға «салқындату кезеңін» енгізуді ұсынған.

Ол қоғамды, журналистер мен блогерлерді киберқылмыспен күрес жүйесін реформалау талабын қолдауға шақырды.

Материал авторы