Маңғыстауда XIX ғасырдағы жерасты мешітіне пластик терезе орнатылған
Маңғыстаудағы қасиетті ескерткішке жасалған заңсыз әрекет қоғамды алаңдатты.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Маңғыстау облысында XIX ғасырдан сақталған Қапам ата жерасты мешітіне белгісіз тұлғалар заңсыз түрде пластик терезелер мен есік орнатқан.
Оқиға Түпқараған ауданында тіркелген. Тарихи нысанның сыртқы келбеті өзгертіліп, бірқатар бөліктері кірпішпен қаланып, кейін пластикалық әйнек конструкциялары қойылған.
Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының мәліметінше, бұл жағдай 2025 жылдың желтоқсан айында анықталған. Ведомство оны тарихи ескерткішке жасалған вандализм деп бағалап отыр.
Қапам ата жерасты мешіті Таушық ауылынан шамамен 22 шақырым солтүстік-батыс бағытта орналасқан. XIX ғасырға жататын бұл нысан — өңірдегі сопылық дәстүрлермен байланысты діни жерасты ғибадат орны. Мешіт жұмсақ тау жынысына ойылып жасалған және шөлейтті аумақта тік жартастың етегінде орналасқан.
2025 жылдың жазында мамандар нысанға тарихи-мәдени сараптама жүргізіп, оны мемлекеттік қорғауға ұсынылатын ескерткіштер қатарына енгізуге дайындық жасаған. Сол кезеңде мешіттің бастапқы қалпы сақталғаны және тарихи мұра ретінде танылғаны айтылған.
Алайда бірнеше айдан кейін ескерткіштің сырт келбеті айтарлықтай өзгергені анықталды. Құзырлы орган өкілдері бұл әрекет тарихи нысанға елеулі зиян келтіргенін атап өтті.
Аталған факті бойынша материалдар Түпқараған ауданы әкімдігіне және полицияға жолданған. Қазір кінәлілерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әзірге жауаптылар табылмағандықтан, пластик терезелер мен есік орнында тұр.
Сонымен қатар, бұл іс бойынша кінәлі тұлғаларға ҚР ӘҚБтК-нің 145-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылуы мүмкін. Айыппұл көлемі 10-нан 200 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.
Материал авторы