622

«Джеки Чан» болып хабарласқан алаяқтар талғарлық зейнеткерді алдамақ болған

Алматы облысында алаяқтар зейнеткерді ерекше тәсілмен торға түсірмек болды.

«Джеки Чан» болып хабарласқан алаяқтар талғарлық зейнеткерді алдамақ болған
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысында полицейлер телефон алаяқтарының кезекті күрделі схемасының жолын кесті. Бұл жолы қаскөйлердің құрбаны бола жаздаған — Талғар қаласының егде жастағы тұрғыны.

Полиция мәліметінше, бәрі қарапайым телефон қоңырауынан басталған. Белгісіз адам өзін емхана қызметкері ретінде таныстырып, ер адамға вакцинаға кезекті растау қажет екенін айтқан.

Жағдай сенімді көрінген. Себебі зейнеткер бұған дейін шынымен вакцина кезегіне тұрған екен.

Кейін қоңырау шалған адам SMS арқылы келген кодты айтуын сұраған. Осыдан соң қарияға тағы бір қоңырау түскен.

Екінші адам бейнеқоңырауда Джеки Чанның суретін пайдаланып, өзін Қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкері ретінде таныстырған.

Ол зейнеткерге «сізге алаяқтар хабарласқан, енді атыңызға несие рәсімделмек» деп сендіріп, барлық есепшотты «қауіпсіздік үшін жабу» қажет екенін айтқан.

Полицияның дерегінше, екі қоңырау да бір алаяқтық схеманың бөлігі болған. Қаскөйлер қарияның сеніміне кіріп, жеке мәліметтері мен қаржылық ресурстарына қол жеткізуді көздеген.

Алайда полицейлер уақытында араласып, қылмыстық жоспардың жүзеге асуына жол бермеген.

Құқық қорғау органдары зейнеткерді ХҚКО-ға дейін ертіп барып, қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдаған. Атап айтқанда, оның электронды цифрлық қолтаңба кілті ауыстырылып, алаяқтардың деректерге қайта қол жеткізу мүмкіндігі шектелген.

Полиция өкілдері соңғы уақытта мұндай схемалардың барған сайын күрделеніп бара жатқанын атап өтті. Алаяқтар шынайы өмірдегі жағдайларды пайдаланып, бірнеше ұйымның атынан қатар әрекет ету арқылы адамдарды психологиялық қысымға түсіреді.

Материал авторы