Тоқаев Кенияның Қазақстан технологияларына қызығушылық танытып отырғанын айтты
Кения президенті Қазақстанның жасанды интеллект және ғарыш саласындағы жетістіктерімен танысады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ҚР Қасым-Жомарт Тоқаев Кения басшысы Уильям Рутоның Қазақстанға жасаған алғашқы ресми сапары екіжақты ынтымақтастыққа тың серпін беретінін мәлімдеді.
Ақордада өткен БАҚ өкілдеріне арналған бірлескен брифинг барысында Мемлекет басшысы Кенияның Қазақстанның цифрлық даму, ғарыш және IT салаларындағы тәжірибесіне ерекше қызығушылық танытып отырғанын айтты.
Президенттің сөзінше, сапар аясында Уильям Руто «AlemAI» халықаралық жасанды интеллект орталығы мен Қазақстанның Ұлттық ғарыш орталығының жұмысымен танысады. Сондай-ақ келіссөздер барысында мәдениет, туризм, білім және ғылым бағытындағы әріптестікті кеңейту мәселелері де талқыланған.
Қасым-Жомарт Тоқаев Кенияның табиғатты қорғау мен биоалуандықты сақтау саясаты Қазақстандағы «Таза Қазақстан» бастамасымен үндес екенін ерекше атап өтті.
«Бүгін елордада Қазақстан – Кения бизнес-форумы өтіп жатыр. Оған екі елдің кәсіпкерлері қатысуда. Бұл алаң сауда-экономикалық байланысты тереңдетуге жол ашады. Біз үкіметтерімізге жан-жақты серіктестікті күшейту үшін нақты шаралар қабылдауды тапсырдық», – деді Президент.
Мемлекет басшысы Кения президентінің тарихи сапары Африка құрлығындағы серіктестік аясын кеңейтіп, Астана мен Найроби арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік беретінін жеткізді.
Материал авторы