«Құдай корольді сақтасын»: Британияда радио Чарльз корольдің өлімін хабарлады
Әнұраннан кейін эфирдің 15 минутқа үнсіз қалуы әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлыбританиядағы танымал Radio Caroline радиостанциясы техникалық ақаудың кесірінен эфирде король III Чарльздің қаза тапқанын хабарлап жіберді. Күтпеген мәлімдеме тыңдармандар арасында үлкен дүрбелең туғызды.
Кәдімгі эфир барысында радиохабар кенеттен тоқтап, диктор салтанатты үнмен монархтың қайтыс болғанын жариялаған. Осыдан кейін эфирден Ұлыбританияның мемлекеттік әнұраны — «Құдай корольді сақтасын» композициясы берілген.
Әлеуметтік желідегі тыңдармандардың айтуынша, әнұран аяқталған соң радиостанция шамамен 15 минут бойы толық үнсіз қалған.
Оқиғадан кейін Radio Caroline басшылығы шұғыл түрде түсініктеме беруге мәжбүр болды. Радиостанция директоры Питер Мур мұның барлығы бағдарламалық жүйедегі ақаудан болғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, Ұлыбританиядағы барлық ірі БАҚ-та корольдік отбасы мүшелері қайтыс болған жағдайда қолданылатын алдын ала дайындалған арнайы хаттамалар мен аудиожазбалар сақталады. Техникалық қате салдарынан дәл осы сценарий мерзімінен бұрын іске қосылған.
«Басты студиядағы компьютерлік ақау салдарынан “Монархтың қазасы” процедурасы кездейсоқ іске қосылды. Мұндай жүйе барлық британдық радиостанцияларда бар. Алайда ешкім оны қолданатын күннің мүмкіндігінше кеш болғанын қалайды. Біз Ұлы мәртебелі Корольден және тыңдармандарымыздан кешірім сұраймыз», — деді Питер Мур.
Әзірге Букингем сарайы бұл жағдайға қатысты ресми пікір білдірген жоқ.
Айта кетейік, Radio Caroline кезінде Ұлыбританиядағы ең танымал пираттық радиолардың бірі болған. Қазір ол заңды негізде хабар таратады.
Материал авторы