Енді нотариус қызметін eGov арқылы онлайн алуға болады
Жаңа өзгеріс нотариусқа бармай-ақ құжат рәсімдеуге мүмкіндік бермек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда нотариалдық қызметтерді толықтай цифрландыру бастамасы қаралып жатыр. Мәжілісте талқыланып жатқан жаңа өзгерістерге сәйкес, азаматтар нотариус қызметін eGov порталы арқылы қашықтан ала алады.
Депутат Нұрсұлтан Байтілесов қазіргі таңда сенімхаттар мен келісімдерді онлайн куәландыру жүйесі пилоттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты. Оның сөзінше, мүлікке қатысты мәмілелерден бөлек құжаттар қашықтан рәсімделіп, азаматтарға кеңес беру қызметі де электронды форматта көрсетілген.
Пилоттық жоба аясында қазақстандықтарға 800 мыңнан астам онлайн қызмет көрсетілген. Бұл цифрлық нотариус қызметіне сұраныстың жоғары екенін байқатқан.
Мәжілісте қаралып жатқан түзетулер осы тетіктерді заң жүзінде бекітуді көздейді. Егер өзгерістер қабылданса, нотариалдық әрекеттерді азаматтар екі форматта — нотариусқа тікелей барып немесе eGov порталы арқылы қашықтан рәсімдей алады.
Депутаттардың айтуынша, бұл жүйе халықтың уақытын үнемдеп қана қоймай, қаржылық шығындарды да азайтуы тиіс.
Сондай-ақ жаңа модель құжат рәсімдеу процесін жеделдетіп, өңірлердегі нотариус тапшылығы мәселесін ішінара шешуге мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Материал авторы