Алматыдағы кинотеатрда попкорн жеген 29 жастағы жігіт көз жұмды
Кино көріп отырған ер адам кенеттен қайтыс болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Forum Almaty сауда-ойын-сауық орталығындағы кинотеатрда болған қайғылы оқиға қоғамда қызу талқыланып жатыр. 17 мамыр күні киносеанс кезінде 29 жастағы ер адам попкорн жегеннен кейін кенеттен қайтыс болған.
Марқұмның туыстарының айтуынша, ол киноға бұрынғы сыныптасымен бірге барған. Әдеттегідей сеанс алдында попкорн сатып алған. Алайда көп ұзамай өзін жайсыз сезіне бастаған.
Жақындарының сөзінше, жігіт әуелі тамағына бірдеңе тұрып қалғандай болып, дәретханаға кеткен. Кейін құсып, жағдайы жеңілдегенін айтқанымен, кино залына кірген соң тамағы қышып тұрғанын қайта-қайта айтқан. Бір сәтте «жүрегім қысылып барады» деп сырт киімін жанындағы адамға ұстатып, есінен танып құлаған.
Оқиға куәгерлері алғашқы көмекті бірден көрсетуге тырысқан. Залдағы көрермендер мен кинотеатр қызметкерлері жүрекке жанама массаж жасап, қолдан тыныс алдыру әрекеттерін жүргізген. Алайда жедел жәрдем келгенше ер адам көз жұмған.
Куәгерлердің айтуынша, жағдайды ушықтырған тағы бір мәселе — сауда орталығындағы медициналық қызметтің қолжетімсіздігі болған.
«Кинотеатр қызметкерлерінен дәрігер шақыруды сұрадық. Бірақ олар “жексенбі күні медицина қызметкерлері жұмыс істемейді” деді», — деп жазды оқиға куәгерлерінің бірі.
Оның сөзінше, ақ халатты қызметкер шамамен 15 минуттан кейін ғана келген. Ол кезде жігіттің жағдайы тым ауыр болған.
Ал жедел жәрдем оқиға орнына 15-20 минут ішінде жеткені айтылды.
Оқиғадан кейін қоғамда қоғамдық орындардағы қауіпсіздік мәселесі қайта көтерілді. Әсіресе, ірі сауда орталықтары мен кинотеатрларда тәулік бойы медициналық қызметкер болуы керек пе деген сұрақ талқыға түсті.
Дәрігер Өмірзақ Нұрсұлтан бұл жағдай анафилаксиялық шок болуы мүмкін деген болжам айтты. Оның пікірінше, попкорн құрамындағы май, хош иістендіргіштер немесе өзге қоспалар күшті аллергиялық реакцияны қоздыруы ықтимал.
Маман анафилаксия кейде өте жылдам дамитынын атап өтті. Әлсіздік, құсу, есінен тану және жүректің тоқтауы санаулы минут ішінде болуы мүмкін екенін ескертті.
Материал авторы