Украина «Газпромнан» қаржы өндіріп алуды Қазақстан арқылы бастады
Астана соты «Газпромнан» Украина пайдасына 1,4 млрд доллар өндіруге рұқсат берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана халықаралық қаржы орталығы сотының бірінші инстанциясы ресейлік Газпром компаниясынан «Нафтогаз Украина» пайдасына 1,4 миллиард доллардан астам қаржы өндіріп алу туралы халықаралық арбитраж шешімін мойындап, оны Қазақстан аумағында орындауға рұқсат берді.
Әңгіме 2025 жылғы 16 маусымда ICC халықаралық арбитраж соты шығарған шешім туралы болып отыр. Бұл іс Украина арқылы ресейлік газ транзитіне қатысты даудан туған.
Украиналық «Нафтогаз» АХҚО сотына 2026 жылдың 9 қаңтарында жүгінген. Ал шешімді 2026 жылғы 15 мамырда судья Эндрю Спинк шығарған. Сот дауды қайта қарамаған, тек халықаралық арбитраж үкімін ресми түрде танып, оны орындауға мүмкіндік берген.
Дау қалай басталды?
Тараптар арасындағы жанжал 2019 жылы жасалған газ транзиті туралы келісімнен кейін ушыққан. 2022 жылы Ресей мен Украина арасындағы соғыс салдарынан негізгі транзит нүктелерінің бірі — «Сохрановка» арқылы тасымал тоқтаған.
Украина тарапы газ жеткізу «Суджа» бекеті арқылы жалғасқанын мәлімдеді. Алайда «Газпром» келісім шарттары бұзылды деп есептеп, транзит үшін толық төлем жасаудан бас тартқан.
Осыдан кейін «Нафтогаз» халықаралық арбитражға жүгінді. 2025 жылдың маусымында арбитраж украиналық компанияның пайдасына шешім шығарып, «Газпромды» қарызды, пайыздарды және сот шығындарын төлеуге міндеттеді.
2026 жылдың қаңтарында Швейцария федералдық трибуналы ресейлік компанияның апелляциялық шағымын қабылдамай тастап, арбитраж шешімінің күшін толық растады.
Осыдан кейін «Нафтогаз» түрлі елдердегі активтерді өндіріп алу бойынша халықаралық науқан бастаған. Қазақстан — арбитраж шешімін орындауға алғаш рұқсат берген юрисдикциялардың бірі болды.
Сот құжатына сәйкес, «Газпром» мынадай сомаларды төлеуі тиіс:
— 1,13 млрд доллар негізгі қарыз;
— 182,2 млн доллар есептелген пайыз;
— 117,1 млн доллар мерзімін өткізіп алғаны үшін өсімпұл;
— 4,9 млн еуро арбитраж шығындары;
— 225 мың еуро шығындар бойынша пайыз.
АХҚО соты халықаралық арбитраж шешімдерін, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерде — нақты айтқанда Швейцарияда қабылданған үкімдерді тануға және орындауға құзыретті екенін атап өтті.
Сот материалдарына сәйкес, жауапкер тарап процесс кезінде қатыспаған.
Бұл шешім енді Қазақстан аумағында «Газпром» активтеріне қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу тетіктерін іске қосуға жол ашуы мүмкін.
Материал авторы