Құлсары тұрғындары су басқан пәтерлердің бағасын қайта есептеуді талап етті
Екі ай су астында тұрған үйлерді миллиондарға сатпақ дейді тұрғындар.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 14 мамыр күні Құлсарыда су тасқынынан зардап шеккен үйлердің тұрғындары наразылыққа шықты. Олар су басқан пәтерлердің қалдық құнын қайта есептеп, жекешелендіру шарттарын өзгертуді талап етуде. Бұл туралы АқЖайық басылымы жазды.
Жылыой ауданындағы «Атырау» ықшамауданында орналасқан үйлердің тұрғындары қазіргі бағамен баспананы сатып алу мүмкін емес екенін айтады. Олардың сөзінше, қабырғалары жарылып, ылғал сіңген пәтерлер ондаған миллион теңгеге бағаланған.
Бұл баспаналар 2023 жылдың желтоқсанында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көпбалалы отбасыларға берілген. Үш бесқабатты үйдегі 100 пәтерге қоныстанған тұрғындар сол кезде құрылыстың толық аяқталмағанын айтады. Соның салдарынан көпшілік кемшіліктерді өз қаржысына жөндеп, кейін ғана көшіп кірген.
Алайда 2024 жылдың көктемінде үйлерді тасқын су басқан.
Тұрғындардың айтуынша, үйлер екі ай бойы суда тұрған. Жертөлелер толықтай суға кетіп, адамдар үйлеріне қайықпен қатынауға мәжбүр болған. Су қайтқаннан кейін қабырғалар сыз тартып, жарықтар пайда болған, кафельдер түсе бастаған, ал балкондар қисайған.
Көпбалалы ана Гүлназ Қашабаеваның сөзінше, қазір екі бөлмелі пәтерлердің қалдық құны 21 миллион теңге, ал үш бөлмелі баспаналар 26 миллион теңгеге бағаланған. Оның айтуынша, мұндай соманы көпбалалы отбасылардың төлеуге шамасы жетпейді.
Тұрғындар су тасқынынан кейін үйлерге құрылыс сараптамасы жүргізілмегенін немесе оның нәтижелері халыққа ұсынылмағанын алға тартады. Сонымен бірге, әкімдік баспананың құнын есептеу кезінде үйлердің екі ай бойы су астында қалғанын ескермегеніне наразы.
Қазір көптеген отбасы жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдерді төлеуде қиындық көріп отыр.
Жеті баланың анасы Жанаргүл Бегайсова жалдау келісімінде ай сайынғы төлем мөлшері ғана көрсетілгенін, бірақ пәтер құнының жыл сайын азаятыны туралы бірде-бір тармақ болмағанын айтты. Оның сөзінше, аудан әкімдігіне жүгінген кезде шенеуніктерден нақты жауап ала алмаған.
Тағы бір тұрғын Кәмшат Айтбаеваның айтуынша, қоныстанғаннан кейін тіркеу рәсімі, жабдықтарды жөндеу секілді қосымша мәселелер де туындаған. Оның сөзінше, әкімдік балансындағы үйлердің жылу қазандықтарын тұрғындардың өздері жөндеуге мәжбүр болған.
Тұрғындардың басты талабы — пәтерлердің қалдық құнын төмендетіп, баспананы қолжетімді шарттармен жекешелендіруге мүмкіндік беру.
АқЖайық редакциясының сауалына Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова аудан әкімі Жұмабек Қаражанов іссапарда екенін, тұрғындардың талабына кейінірек жауап берілетінін мәлімдеген. Алайда тұрғындардың айтуынша, арада бір апта өтсе де нақты жауап болмаған.
Кейін аудан әкімдігі жазбаша түсініктеме жолдап, тұрғындар ЭЦҚ арқылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөліміне жүгініп, тұрақты тіркеуге тұра алатынын хабарлады.
Сондай-ақ әкімдік жекешелендіру «Е-қазына» порталы арқылы жүргізілетінін мәлімдеді. Өтініш берген тұрғындар 30 күн ішінде пәтердің қалдық құнының 10 пайызы көлемінде алғашқы жарна төлеуі тиіс.
Әкімдік мәліметінше, пәтерлердің бастапқы бағасы мынадай:
— бір бөлмелі пәтер — 13,4 миллион теңге;
— екі бөлмелі пәтер — 18,2 миллион теңге;
— үш бөлмелі пәтер — 26,5 миллион теңге.
Алайда әкімдік жауабында паводан кейінгі үйлердің техникалық жағдайына қатысты нақты ақпарат айтылмаған. Есесіне ЭЦҚ рәсімдеу, өтініш беру және алғашқы жарнаны төлеу тәртібі егжей-тегжей түсіндірілген.
Материал авторы