Сәуле Базархан қайтыс болған жекеменшік клиника мәлімдеме жасады
Липосакциядан кейін көз жұмған Сәуле Базархан ісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы Smart Beauty Clinic клиникасы пластикалық операция кезінде көз жұмған блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базархан оқиғасына байланысты ресми мәлімдеме жариялады.
Клиника өкілдерінің айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаға қатысты заңнамада қарастырылған барлық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты медициналық мекеме операцияның нақты мән-жайын жариялаудан бас тартқан.
«Бұл — біз үшін де ауыр жағдай. Біз оны терең адамгершілікпен әрі құрметпен қабылдаймыз. Дәрігерлік құпияны сақтау, марқұмның отбасына құрмет таныту және тексеру жұмыстарының объективті өтуі үшін ресми рәсімдер аяқталғанға дейін болған жағдайдың медициналық егжей-тегжейін жариялауды дұрыс деп санамаймыз», — делінген клиника хабарламасында.
Сондай-ақ мекеме әлеуметтік желі қолданушылары мен БАҚ өкілдерін тексерілмеген ақпарат пен болжам таратпауға шақырды.
Клиника қазіргі уақытта пациент қабылдауды уақытша тоқтатқанын мәлімдеді. Алайда таңу, тексеру және операциядан кейінгі бақылау қажет пациенттерге медициналық көмек көрсетіліп жатқаны айтылды.

Сурет: instagram.com/smart_beauty_kz
Бұған дейін блогер Сәуле Базарханның қайтыс болғаны белгілі болған еді. Ақпаратты әнші Қайрат Нұртастың анасы әрі продюсері Гүлзира Айдарбекова растағанымен, оқиғаның мән-жайын ашып айтпаған. Кейін марқұмның қызы Threads желісінде анасының 15 мамыр күні Алматыдағы жекеменшік клиникада жергілікті наркозбен жасалған липосакция кезінде қайтыс болғанын хабарлады.
Осыдан кейін журналист Михаил Козачков Сәуле Базарханның дәл осы Smart Beauty Clinic-те көз жұмғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қайғылы жағдайға қарамастан клиника процедураларға жазылуды жалғастырған.
Алматы полициясы бұл дерек бойынша Бостандық аудандық полиция басқармасы қылмыстық іс қозғағанын хабарлады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру аясында барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады», — деп мәлімдеді полиция.
Құқық қорғау органдары Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеуге қатысты өзге мәліметтер жария етілмейтінін атап өтті.
Материал авторы