657

«Қызымсыз өмір жоқ»: Бетперде киген адам ауыр дертке шалдыққан қызға пәтер сыйлады

Шиномонтажда тұратын әкеге бейтаныс жан пәтер мен ем ақысын сыйлады.

«Қызымсыз өмір жоқ»: Бетперде киген адам ауыр дертке шалдыққан қызға пәтер сыйлады
instagram.com/chelovekvmaskee

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 13 жастағы қызы қатерлі ісікке шалдыққан ер адамға белгісіз қайырымды жан пәтер сыйлап, баланың еміне қажет қаражатты толық төлеп берді.

44 жастағы Джамалдың жеке баспанасы жоқ. Ол шиномонтаж шеберханасында жұмыс істеп қана қоймай, сол жерде тұрып келген. Ер адамның басты арманы — ауыр дертке шалдыққан қызын аман алып қалу болған.

Оның айтуынша, 13 жастағы қызына ми қатерлі ісігінің төртінші сатысы диагнозы қойылған. Дәрігерлер Түркияда шұғыл ота жасау қажет екенін айтқан. Ем құны шамамен 18 миллион теңгеге бағаланған.

Әкесі қызы үшін алаңдап, жалғыз қалған сәттерде көз жасына ерік беретінін жасырмаған. Оның сөзінше, өміріндегі ең маңызды нәрсе — қызын аяққа тұрғызу.

Осы оқиғадан кейін бетперде киген белгісіз адам отбасыға көмек қолын созған. Ол емге жиналып жатқан қаражатты толық жауып, Джамалдың отбасына пәтер сыйлаған.

Бұған дейін де әлеуметтік желілерде «бетперде киген адам» ретінде танылған қайырымды жан ауыр науқас балаларға, жетімдерге және тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп жүргені айтылған. Кейбір жағдайларда ол баспана алып беріп, ем-дом шығындарын өтеген.

Материал авторы