Ақтөбе маңында бала ойын алаңындағы темір істікке шаншылып қалды
Әкімдік сараптама ойын алаңын сапасыз деп танығанын және мердігерге ақша төленбегенін мәлімдеді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтөбе маңындағы Кеңес Нокин тұрғын алабында 11 жастағы бала ойын алаңында ауыр жарақат алды. Оқушы құлаған сәтте жерден шығып тұрған темір істікке шаншылып қалған.
Бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер оған ота жасаған.
Оқиға екі жыл бұрын «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында салынған балалар алаңында болған. Алайда әкімдік мәліметінше, нысан көптеген заңбұзушылық анықталғандықтан әлі күнге дейін ресми пайдалануға берілмеген.
Амир есімді оқушы сыныптастарымен бірге соңғы қоңырауға дайындалып жүрген. Бірнеше күн бұрын ол әдеттегідей үйінің жанындағы алаңға ойнауға шыққан. Бірақ серуен ауыр жағдаймен аяқталған.
Баланың туыстарының айтуынша, ол құлаған кезде өткір темір санына терең кіріп кеткен.
Жарақат алған оқушының тәтесі Данара Даришева қазір алаң іс жүзінде қараусыз қалғанын айтады. Оның сөзінше, әкімдік жауапкершілікті мердігерге, ал мердігер әкімдікке ысырып отыр.
Қазір Амир сол аяғын баса алмайды және қатты ауырсынуға шағымдануда. Дәрігерлердің айтуынша, темір істік артерияға тимегені — үлкен сәттілік.
Ақтөбе облыстық көпсалалы балалар ауруханасы травматология бөлімінің меңгерушісі Әкімжан Әубәкіровтың мәліметінше, бала жамбастың жыртылған жарақатымен түскен. Оған алғашқы хирургиялық көмек көрсетіліп, тігіс салынған. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланып отыр.
Ойын алаңының айналасындағы жағдай тұрғындардың ашуын туғызды. Ирониясы сол — дәл осы алаңды салдыру үшін қол жинап, құжат рәсімдеп жүргендердің бірі жарақат алған баланың әкесі болған.
Ақтөбе қаласы Алматы ауданы әкімдігі өкілдері сот сараптамасы алаңды сапасыз деп танығанын мәлімдеді. Сол себепті мердігерге төлем жасалмаған.
Әкімдік мәліметінше, бірінші және апелляциялық сот инстанциялары олардың талабын қолдаған. Бірақ мердігер компания шешіммен келіспей, Жоғарғы сотқа шағым түсірген.
Қазір сот мердігерді кемшіліктерді өз есебінен жөндеуге міндеттей ме, әлде 33 миллион теңгеге салынған алаң толық сүріле ме — осы мәселені шешуі тиіс.
Ал әзірге тұрғындардың айтуынша, балалар күн сайын қауіп төндіріп тұрған алаңда ойнауға мәжбүр.
Материал авторы