803

Басында пакет кигізіп кеткен: Есіл жағасындағы 20 жастағы қыздың жұмбақ өліміне не себеп?

Марқұмның әкесі қызы бірнеше күн бойы интернет-алаяқтардың қысымында болғанын мәлімдеді.

Басында пакет кигізіп кеткен: Есіл жағасындағы 20 жастағы қыздың жұмбақ өліміне не себеп?
facebook.com/sayabek.qanakha

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада Есіл жағалауынан мәйіті табылған 20 жастағы қыздың өлімі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Марқұмның әкесі қызының қазасына интернет-алаяқтарды кінәлап, полицияны әрекетсіздікке айыптады. Ал елордалық полиция департаменті бұл мәлімдемеге жауап берді.

Әлеуметтік желіде қазақстандық Саябек Қанаха жазба жариялап, қызы Айсәуленің денесі 1 сәуір күні Есіл жағалауынан табылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиғаның мән-жайы көптеген сұрақ туғызады.

Әкесінің сөзінше, қыздың денесі шалқасынан жатқан, ал басына иек тұсынан екі жерден әлсіз байланған күлгін түсті полиэтилен пакет кигізілген. Сонымен қатар маңдай тұсында көгерген із болғаны хаттамада да көрсетілген.

Марқұмның әкесі істің «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабы бойынша тіркелуімен келіспейді. Ол қызы өлер алдында бірнеше күн бойы халықаралық интернет-алаяқтардың психологиялық қысымына түскенін айтты. Ер адамның мәліметінше, Айсәуле алаяқтардың нұсқауымен 1,1 миллион теңгеден астам қаржыны аударып жіберген.

Әкесі киберқылмыскерлердің әрекеті мен қызының өлімі арасында тікелей байланыс бар деп есептейді. Сондай-ақ тергеу созбалаңға салынып жатыр деп санайды.

Ал Астана қалалық полиция департаменті 2005 жылы туған қыздың мәйіті табылғанын растады. Бірақ құқық қорғау органдары өздеріне тағылған әрекетсіздік айыптарын жоққа шығарды.

Полицияның хабарлауынша, барлық жедел-тергеу шаралары толық көлемде жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында марқұм пайдаланған такси жүргізушісі анықталып, жауап алынған. Сонымен бірге бейнежазбалар зерттеліп, қыздың жүрген бағыты тексерілуде.

Ведомство қазір қызды алдаған интернет-алаяқтарды анықтау бойынша жедел іздестіру шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Істің түпкілікті қорытындысы тергеу нәтижесі бойынша белгілі болады.

Материал авторы