1124

Ғалымдарды таңғалдырған олжа: NASA зерттеу аппараты Марстан «тас сэндвичті» тауып алды

Ғалымдар ерекше құрылымның адам қолынан емес, табиғи процестер нәтижесінде пайда болғанын айтады.

Ғалымдарды таңғалдырған олжа: NASA зерттеу аппараты Марстан «тас сэндвичті» тауып алды
NASA, JPL-Caltech, ASU

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, NASA-ның Perseverance зерттеу аппараты Марс бетінен ерекше пішіндегі тас құрылымын анықтады. Қызыл ғаламшарда түсірілген суретте бірінің үстіне бірі қойылған үш тас байқалады. Көрініс сырттай кәдімгі «сэндвичті» еске салады.

Фотосурет 13 мамыр күні зерттеу аппаратының Mastcam-Z камерасы арқылы түсірілген. Бұл — Perseverance аппаратының Марстағы 1859-шы жұмыс күні.

Жер бетінде мұндай тас үйінділері туристік соқпақтарды белгілеу үшін жиі қолданылады. Алайда Марста адам болмағандықтан, ғалымдар бұл құрылым табиғи процестердің нәтижесі деген пікірде.

Мамандардың болжамынша, бастапқыда бұл біртұтас тас болған. Кейін жел эрозиясы немесе ежелгі дәуірде Марс бетімен аққан судың әсерінен жарылып, қазіргі пішінге келген болуы мүмкін. Бұған дейін Curiosity зерттеу аппараты да Қызыл ғаламшарда желдің негізгі геологиялық күшке айналғанын көрсететін деректер жіберген еді. Ғалымдардың айтуынша, жел миллиардтаған жыл бойы жыныстарды бұзып, өзгертіп келеді.

Perseverance тапқан бұл құрылым — Марстағы алғашқы ерекше геологиялық нысан емес. Бұған дейін зерттеу аппараттары беті бұдыр тастарды, бірдей арақашықтықта орналасқан жартас бөлшектерін және айқын сызықтары бар жыныстарды тіркеген.

Марс суреттері төңірегіндегі түрлі болжамдар мен конспирологиялық теориялар да жаңалық емес. Мұндай пікірлер 1976 жылы Viking миссиясы түсірген кадрлардан «адам бетіне» ұқсас бейне байқалғаннан кейін кең тарай бастаған.

Дегенмен ғалымдар үшін басты мәселе — жұмбақ іздеу емес, Марс табиғатын түсіну. Себебі тастардың қалай жарылып, қалай мүжілгенін зерттеу арқылы мамандар Қызыл ғаламшардың ежелгі өзендерден бастап қазіргі құмды дауылдарға дейінгі геологиялық тарихын қалпына келтіруге тырысып жатыр. 

Материал авторы