Атырауда мұғалім әйелді өлтіру ісі бойынша сот басталды – Марқұмның күйеуі күдікті
58 жастағы бастауыш сынып мұғалімі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда 58 жастағы бастауыш сынып мұғалімінің өліміне қатысты резонанс тудырған қылмыстық іс бойынша сот процесі басталды.
Іс Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотында қаралып жатыр. Айыпталушылар орындығында марқұмның 63 жастағы күйеуі отыр. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі — «Адам өлтіру» бойынша айып тағылған.
Тергеу материалдарына сәйкес, қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні Атыраудағы Нұрсая ықшамауданында болған.
Айыптау актісінде ерлі-зайыптылар арасында жанжал шыққаны айтылған. Тергеу нұсқасы бойынша, түнгі сағат екі шамасында ер адам асүйден пышақ алып, қонақ бөлмеге кірген. Сол жерде отырған әйеліне бірнеше соққы жасаған. Мұғалім алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Іс бойынша басты куәгерлердің бірі — отбасы тәрбиелеп отырған кәмелетке толмаған қыз. Қайғылы оқиға кезінде ол пәтер ішінде болған.
Сот барысында айыпталушы кінәсін мойындады. Ол жанжалдан кейін асүй пышағын алып, жұбайына соққы жасағанын растады.
Материал авторы