1117

«Есікті жауып, видеоға түсірген»: Алматыда студент жатақханадағы шабуыл туралы айтты

Университет оқиғаға қатысушылардың ата-аналары құқық қорғау органдарында жұмыс істейтінін растады.

«Есікті жауып, видеоға түсірген»: Алматыда студент жатақханадағы шабуыл туралы айтты
instagram.com/budetgrom_

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде оқитын студент қыз жатақханада соққыға жығылғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, оқиға 2025 жылдың 17 желтоқсанында болған. Бұл туралы NUR.KZ жазды. 

Жәбірленуші әлеуметтік желіде өзін бірнеше екінші курс студенті жабылып ұрғанын жазды. Айтуынша, жанжал жатақханадағы тазалық мәселесінен басталған.

«Мені тұншықтырды, басымды қабырға мен темір кереуетке соқты. Шашымнан сүйреп, бөлмеден шығармай ұстады. Айналамдағылардың кейбірі қарап тұрды, енді бірі видеоға түсірді», – деді студент.

Қыздың сөзінше, оқиғадан кейін оны жедел жәрдем алып кеткен. Дәрігерлер бас-ми жарақаты, дене көгерулері, гематома және қан кету белгілерін анықтаған.

Кейінірек Instagram желісіндегі пабликтерде де оқиғаға қатысты қосымша мәліметтер жарияланды. Онда студенттің бөлмеге «сөйлесуге» шақырылып, кейін бірнеше адамның қатысуымен күш көрсетілгені айтылған.

Университет бұл деректі растады. Оқу орнының мәліметінше, студенттер арасындағы жанжал жатақханадағы тазалық пен тәртіпті сақтау мәселесінен туындап, кейін төбелеске ұласқан.

Сондай-ақ университет оқиға кезінде қатысушылардың бірінің кәмелет жасына толмағанын хабарлады. Әкімшілік жедел қызмет шақырып, ішкі тексеру жүргізгенін мәлімдеді.

«Қатысушылар мен куәгерлерден түсініктеме алынды, ата-аналармен кездесулер өткізілді, мәселе этика комиссиясында қаралды», – деп хабарлады оқу орны.

Университет мәліметінше, екі студенттің де ата-анасы құқық қорғау органдарында қызмет етеді.

Қазіргі уақытта Алмалы аудандық соты студенттердің біріне қатысты үкім шығарған. Сонымен бірге екінші қатысушыға қатысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Оқу орны жәбірленуші студенттің әлі де университет жатақханасында тұрып жатқанын және оған қажетті жағдай жасалғанын хабарлады.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор