Ақтауда түлектерге бола қала сыртындағы жолдар жабылды (ВИДЕО)
Кортеж жасайтын түлектерді тоқтату үшін шұғыл шаралар ұйымдастырылып жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау қаласында полиция биыл түлектерге байланысты жол қауіпсіздігін күшейтіп, қала сыртындағы бағыттардың бір бөлігін уақытша жапты. Мұндай қадам өткен жылы бітірушілер қатысқан жол-көлік оқиғаларының көбеюімен түсіндірілді.
Әлеуметтік желілерде бүгін Шора каналы маңында үлкен кептеліс пен көлік қозғалысының қиындағаны көрсетілген видеолар тарай бастады. Куәгерлердің айтуынша, қала маңындағы шығу бағыттарында қозғалыс шектелген.
Полицияның мәліметінше, шектеу шаралары түлектердің қала сыртына шығуына жол бермеу мақсатында енгізілген. Оларға Ақтау мен Жаңаөзен арасындағы тасжол, демалыс аймақтары мен кейбір бағыттарға шығуға уақытша тыйым салынған.
Полиция департаменті бұл шаралардың тек түлектерге қатысты екенін, ал қала тұрғындарының еркін қозғалысына шектеу жоқ екенін нақтылады.
«Барлық жолдар түлектерге байланысты жабылды. Қарапайым тұрғындар еркін жүре алады. Бұл шаралар жол апаттарының алдын алу үшін қабылданып отыр. Өткен жылы түлектер қатысқан бірнеше оқиға тіркелген. Полиция күшейтілген режимде, тәулік бойы жұмыс істеп жатыр», — деді ведомство өкілдері.
Материал авторы