515

Бурабайда әскери лагерь бой көтерді: «Айбынға» дайындық қызу жүріп жатыр

Қазақстанға бірнеше елден келетін жастар Бурабайда әскери дайындық пен мәдени бағдарламаларға қатысады.

Бурабайда әскери лагерь бой көтерді: «Айбынға» дайындық қызу жүріп жатыр
gov.kz

Бурабайда өтетін халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына дайындық қызу жүріп жатыр. 21-27 маусым аралығында ұйымдастырылатын ауқымды шараға Әзербайжан, Беларусь, Қытай, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген командалар қатысады.

Жиынның негізгі кезеңі Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледждің «Амандық» полигонында өтеді. Қазір мұнда қатысушыларды орналастыру, жарыс алаңдарын дайындау және инфрақұрылымды жабдықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысандардың әзірлік деңгейін тексеру үшін полигонға Қорғаныс министрлігінің арнайы жұмыс тобы барған.

Ведомство өкілдері әскери-қолданбалы және спорттық жарыстар өтетін алаңдардың сапасын бағалап, ұйымдастыру жұмыстарына жауапты бөлімшелермен үйлестіру мәселелерін талқылады.

Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің аға офицері, полковник Дәулет Бейсековтің айтуынша, дайындық жұмыстарының шамамен 70 пайызы аяқталған.

«Әскери-қолданбалы және спорттық жарыстарға арналған алаңдар мен саптық плац жабдықталды. Санитарлық аймақ абаттандырылып, мәдени іс-шаралар өткізу үшін жазғы амфитеатр салынды», — деді ол.

Қазіргі уақытта полигонда шатырлы қалашық пен асханаларды жабдықтау аяқталуға жақын. Қатысушылар үшін 40 орындық 66 шатыр және 20 орындық 8 шатыр орнатылған. Медициналық қызмет пен қауіпсіздікті әскери полиция мен медицина қызметкерлері қамтамасыз етеді.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, жиын бағдарламасына әскери жарыстармен қатар зияткерлік сайыстар, шығармашылық байқаулар және мәдени-танымдық шаралар енгізілген.

Халықаралық жастар жиынын жоғары деңгейде өткізу үшін барлық дайындық жұмыстары жоспарға сай жалғасып жатыр.