813

Елімізде ұрланған телефон сатып алғандар жазалануы мүмкін

Жыл басынан бері Қазақстанда мобильді телефон ұрлығына қатысты жүздеген адам жауапқа тартылған.

Елімізде ұрланған телефон сатып алғандар жазалануы мүмкін
Polisia.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарға ұрланған смартфондарды сатып алудың салдары туралы ескерту жасады. Ведомство мұндай әрекет қылмыстық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері ұялы телефон ұрлығы 40 пайызға азайған. Полицейлер 900-ден астам қылмыстың бетін ашып, ұрланған құрылғыларды иелеріне қайтарған. Сонымен қатар 700-ден астам адам жауапкершілікке тартылып, мобильді телефон ұрлаумен айналысқан 12 қылмыстық топ жойылған.

Құқық қорғау органдары қазір ұрланған техниканы өткізетін орындарға ерекше бақылау жүргізіп жатыр. Мәселен, Алматыда бұрын сотталған ер адам ұсталып, одан 30-дан астам ұрланған телефон тәркіленген.

ІІМ өкілдері ұрланған мүлікті сатып алу немесе қайта сату заң алдында қылмыс саналатынын еске салды. Полицейлер азаматтарды қоғамдық орындарда және қоғамдық көлікте жеке заттарына мұқият болуға шақырды.

Бұған дейін ІІМ қазақстандықтар мен ата-аналарға мессенджерлер мен әлеуметтік желілердегі аккаунттардың алаяқтық схемаларда қолданылып жатқанын ескерткен еді. Ведомствоның мәліметінше, кейбір жасөспірімдер ақша үшін SIM-карта мен аккаунттарды тіркеп береді. Кейін оларды алаяқтар азаматтарды алдау үшін пайдаланады. Мұндай әрекет қылмысқа көмектесу ретінде бағалануы мүмкін.

Материал авторы

Аиса Махамбет
Аиса Махамбет Редактор