896

«Жабылғанмен жазылу жүріп тұр»: блогер Сәуле Базарханның өлімі айналасындағы күмән көбейіп барады

Марқұмның туыстары клиника жабық дегенімен, онлайн түрде ақылы кеңес ұсынып отырғанын дәлелдейтін скриншоттар бар екенін айтады.

«Жабылғанмен жазылу жүріп тұр»: блогер Сәуле Базарханның өлімі айналасындағы күмән көбейіп барады
instagram.com/saule_bazarkhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда пластикалық ота кезінде көз жұмған блогер әрі кәсіпкер Сәуле Базарханның қазасынан кейін оның туыстары клиникаға қатысты қатаң шара қабылдауды талап етті. Олар Smart Beauty Clinic қызметіне байланысты жауапкершілікті толық анықтап, медициналық мекеменің қызметін тоқтатуға дейін баруды сұрап отыр.

Марқұмның ұлы Серік пен келіні Алдияның айтуынша, қайғылы жағдайдың қалай болғаны әлі күнге дейін нақты түсіндірілмеген. Олардың сөзінше, клиника тарапынан оқиға болған күні де, кейін де түсінікті ресми ақпарат берілмеген.

Туыстарының мәлімдеуінше, операциядан кейін клиникаға бармақ болғанда мекеме жабық болған. Алайда олар әлеуметтік желі арқылы клиникаға жазылып көрген кезде, жауап берілген. Онда мекеме уақытша жөндеуге жабық екені айтылып, сонымен бірге ақылы онлайн кеңес ұсынылып, прайс-лист жіберілген және келесі аптаға операцияға жазылу мүмкіндігі көрсетілген. Отбасы мұны дәлелдейтін скриншоттардың барын айтады.

Сонымен қатар, жақындары ота жасаған дәрігердің кім екені ресми түрде хабарланбағанын, медициналық құжаттардың да берілмегенін алға тартты.

Отбасы әлеуметтік желілерде клиниканың әртүрлі атаумен жұмыс істеуі немесе бірнеше заңды тұлғаға тіркелуі мүмкін деген ақпаратқа алаңдаушылық білдіріп отыр. Осыған байланысты олар тергеу органдарынан клиниканың нақты иесін, лицензиясының бар-жоғын және бұрын ұқсас жағдайлардың тіркелген-тіркелмегенін тексеруді сұрады.

Туыстарының айтуынша, басты талап — жауапкершіліктен жалтаруға жол бермеу. Олар клиника атауын ауыстыру арқылы жұмысты жалғастыру тәжірибесіне тосқауыл қойылуы тиіс деп есептейді.

«Біз үшін ең маңыздысы — шындық пен әділдік. Анамызға не болғанын нақты білгіміз келеді», — дейді олар.

Марқұмның жақындары Сәуле Базарханның өмірге белсенді, жоспарға толы адам болғанын айтып, оның күтпеген өлімі отбасы үшін ауыр соққы болғанын жеткізді.

Олар азаматтарды медициналық және эстетикалық операциялар алдында клиникалардың лицензиясын, дәрігердің біліктілігін мұқият тексеруге шақырды.

Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған. Тергеу барысына байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.  

Материал авторы