Қазақстан азаматтығын сатып алмақ болған шетелдік ақшасынан айырылып қалды
Полиция күдіктінің осыған ұқсас істерге де қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада полиция қызметкерлері шетел азаматын Қазақстан азаматтығын рәсімдеп беремін деген уәдемен алдаған схемаға тосқауыл қойды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, 23 жастағы ер адам шетелдік азаматқа Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға көмектесетінін айтып, оның сеніміне кірген. Кейін ол құжаттарды рәсімдеуге жәрдем беремін деген желеумен ақша алған.
Алайда уәде етілген қызмет көрсетілмеген. Тергеу деректеріне сәйкес, алынған қаражат жеке қажеттіліктерге жұмсалған.
Оқиға салдарынан жәбірленушіге 300 мың теңге көлемінде материалдық шығын келгені белгілі болды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар күдіктінің осындай сипаттағы басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілуде.
Полиция азаматтарды сақ болуға шақырып, азаматтық рәсімдеу және құжаттандыру мәселелері тек мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылуы тиіс екенін ескертті.
Материал авторы