1125

Нанидің сыйлығы OLX-қа шығып кетті: «Ақтөбе» жанкүйеріне қатысты дау өршіді

Футбол кезінде жарақат алған жанкүйерге Нанидің қолтаңбасы бар жейде сыйға берілген еді.

Нанидің сыйлығы OLX-қа шығып кетті: «Ақтөбе» жанкүйеріне қатысты дау өршіді
Instagram/fcaktobe_official

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Ақтөбе» футбол клубы жарақат алған жанкүйерге сыйлаған естелік бұйымдар көп ұзамай OLX платформасынан табылып, әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті.

Сатылымға португалиялық футболшы Луиш Нанидің қолтаңбасы қойылған №17 жейде мен клуб матчтарына арналған екі жылдық абонемент шығарылған. Хабарландыруда футболка 400 мың теңгеге бағаланса, екі абонементтің құны 60 мың теңге деп көрсетілген.

Желі қолданушылары сатылымдағы суретке де назар аударды. Фотода Луиш Нанидің жанында тұрған ер адамды кей пікір жазушылар жарақат алған жанкүйер Аянай Елтоқованың жұбайы болуы мүмкін деп болжаған.

Еске салайық, бұған дейін «Ақтөбе» мен «Алтай» арасындағы матч кезінде Аянай Елтоқова жарақат алған еді. Осы жағдайдан кейін клуб оған қолдау ретінде арнайы сыйлықтар табыстаған. Естелік бұйымдарды жанкүйерге Луиш Нанидің өзі тапсырған болатын.

Бұл оқиға әлеуметтік желіде екіұдай пікір туғызды. Бірі сыйлық иесі оны қалай пайдаланса да өз еркі екенін айтса, енді бірі мұндай тарихи әрі естелік мәні бар заттарды сатуға болмайды деп санайды.

OLX-тегі мәліметке қарағанда, хабарландыру бірнеше күннен бері белсенді тұрғанымен, әзірге тауарлар сатылмаған.

Материал авторы