574

Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, қайтадан реанимацияға түсті

Ұлттық ұланда жарақат алған Ербаян Мұхтар жансақтау бөліміне шұғыл жеткізілді.

Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлап, қайтадан реанимацияға түсті
әлеуметтік желіден

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлттық ұланда қызмет етіп жүріп ауыр ми жарақатын алған Ербаян Мұхтардың жағдайы күрт нашарлады. Жас жігіт шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылды.

Бұл туралы Ербаянның оңалту және қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жүрген маман мәлімдеді.

«Кеше Мұхтар Ербаян шұғыл түрде Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығына ауруханаға жатқызылды. Қазіргі уақытта жағдайының нашарлауы байқалып отыр», – делінген хабарламада.

Маманның айтуынша, сарбаздың ата-анасы әзірге оның денсаулығына қатысты толық ақпарат ала алмай отыр. Ол қазақстандықтарды Ербаян мен оның отбасына қолдау көрсетуге шақырды.

Еске салайық, Ербаян Мұхтар Алматыдағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде қызмет еткен. 2023 жылдың желтоқсанында сарбаз бас-ми жарақатын алып, комаға түскен. Әскерилер туыстарына оның дәретханада құлап, басын плиткаға соққанын айтқан.

Алайда дәрігерлер Ербаянға ауыр ми жарақаты, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және өзге де ауыр диагноздар қойған.

Оқиғадан кейін Қылмыстық кодекстің «Әскери қызметшілер арасындағы жарғылық қатынастар ережесін бұзу, денсаулыққа ауыр зиян келтіру» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Кейін Ербаянның еміне қазақстандықтар шамамен 230 миллион теңге жинап бергені белгілі болды. Алғашында оны Германияға емдеуге апару жоспарланғанымен, кейін Түркия дәрігерлері қабылдауға келіскен. Ербаян ата-анасымен бірге Ыстанбұлға жеткізіліп, бірнеше кезеңдік ем қабылдаған.

Мамандар оның жағдайында аз да болса оң өзгерістер болғанын айтқан еді. Ол өздігінен 10-20 минут тыныс ала бастаған. Алайда қазір оның жағдайы қайта ауырлап отыр.

Сонымен қатар Ербаян ісі бойынша дәрігерлердің әрекетіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Қазіргі таңда әскери бөлім мен медицина қызметкерлеріне қатысты істер бойынша тергеу жалғасып жатыр.

Материал авторы