647

«Өзімді пышақтаймын»: Ақтаудағы емханада ер адам шу шығарды (ВИДЕО)

Мүгедектік ала алмаған ақтаулық емханада айқай шығарып, айна сындырған.

«Өзімді пышақтаймын»: Ақтаудағы емханада ер адам шу шығарды (ВИДЕО)
threads.com/@medyap0809

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтаудағы емханалардың бірінде жанжал шығып, тұрғын дәрігерлерге қоқан-лоқы көрсеткен видео әлеуметтік желіде тарады.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам өзіне мүгедектік рәсімделмегеніне наразы болған. Видео кадрларында оның дәрігерлерге айқайлап, кардиологты талап еткені көрінеді.

Желіде тараған мәлімет бойынша, тұрғын кабинеттегі айнаны сындырып, өзіне зиян келтіретінін айтып қорқытқан. Сондай-ақ компьютерді көтеріп, сындыруға әрекеттенгені айтылды.

Кейін оқиғаға қатысты емхана басшылығы пікір білдірді. Медициналық мекеме өкілдерінің мәліметінше, келуші қоғамдық тәртіпті өрескел бұзып, медицина қызметкерлеріне психологиялық қысым көрсеткен және емхана мүлкіне зақым келтірген.

«Оқиға салдарынан бөлім жұмысы уақытша қиындап, пациенттерге медициналық көмек көрсету процесіне қауіп төнді», – деп мәлімдеді емхана әкімшілігі.

Мекеме қызметкерлері мен басшылығы пациенттер мен медицина мамандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шара қабылдаған.

Қазір оқиға материалдары құқық қорғау органдарына жолданған. Тексеру жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы бойынша жанжалға қатысқан барлық тараптың әрекетіне құқықтық баға берілмек.

Кейін жергілікті басылым Ақтау тұрғынының да уәжін жариялады. Оның айтуынша, жүрек талмасынан және жүрекке жасалған операциядан кейін бір жылдан бері мүгедектік рәсімдей алмай жүр.

Ер адам агрессияға дәрігерлердің «мазақ қылып, келемеждеген сөздері» себеп болғанын айтты.

«Мені емханаға тіркеліп алғандай көріп, үнемі келе бересің деп күлді. Басшылықты шақыруды талап еттім. Ашумен айнаны жұдырықпен ұрдым. Қолым қанға боялса да, маған көмек көрсетілмеді», – деді ол.

Ақтаулық тұрғын кейін учаскелік полиция бөлімінде болған оқиға үшін кешірім сұрап, сынған айнаны қалпына келтіруге келіскенін айтты.

Материал авторы