595

Михаил Шайдоровқа неге бес ай жалақы төленбегені белгілі болды

Министрлік Михаил Шайдоровқа қатысты дауға ресми жауап берді.

Михаил Шайдоровқа неге бес ай жалақы төленбегені белгілі болды
Timur Balymbetov / YouTube

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Милан Олимпиадасының чемпионы Михаил Шайдоровты қаржыландыруға қатысты жағдайға Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі түсініктеме берді.

Ведомство өкілдері мәнерлеп сырғанаушының жаңа келісімшарты қазір келісу сатысында тұрғанын мәлімдеді.

Бұған дейін Михаил Шайдоров сұхбаттарының бірінде Миландағы Олимпиададан кейін өзіне және жаттықтырушылар құрамына бес ай бойы жалақы төленбегенін айтқан еді. Сондай-ақ 1 ақпаннан бері дәрігерлік қолдаусыз қалғанын жеткізген.

Осыдан кейін Спортты дамыту дирекциясы ресми мәлімдеме жасап, жағдайдың құқықтық әрі қаржылық қырларын түсіндіруге тырысты.

«Біздің басты міндетіміз — Олимпиада чемпионына дайындық үшін барынша қолайлы жағдай жасау. Спортшыны жан-жақты қолдау — өзгермейтін басымдық», — деді ведомство өкілдері.

Дирекцияның мәліметінше, 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы толық көлемде төленген. Ал наурыздан бастап жаңа олимпиадалық циклге байланысты жаңа еңбек келісімшартын жасау жоспарланған.

Ведомство жаңа құжатта спортшының мәртебесіне сай қаржыландыру шарттары айтарлықтай жақсартылғанын атап өтті. Алайда тараптар заңдық мәселелерді келісіп жатқандықтан, келісімшартқа қол қою процесі созылып кеткен. Құжат рәсімделгеннен кейін төлемдер қайта басталатыны хабарланды.

Сондай-ақ министрлік жаңа келісімдегі тиімділік көрсеткіштеріне қатысты сын-пікірлерге де жауап берді.

«Бұл — жоғары жетістіктер спорты үшін қалыпты халықаралық тәжірибе. Ұлыбритания, Германия, Аустралия, Оңтүстік Корея сынды елдерде осындай жүйе қолданылады. Мемлекет спортшыға толық жағдай жасап, есесіне жоғары нәтиже күтеді», — деп түсіндірді дирекция.

Бұдан бөлек, ведомство мемлекет Михаил Шайдоровтың Олимпиададағы жеңісі үшін берілетін барлық марапаттарды толық орындайтынын мәлімдеді.

Олимпиада чемпионына 250 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақы, Алматыдан үш бөлмелі пәтер және өмір бойғы ай сайынғы мемлекеттік төлем қарастырылған.

Дирекция қазір спортшы және оның командасымен келіссөз жалғасып жатқанын айтып, барлық құқықтық мәселе жақын уақытта шешілетініне сенім білдірді.

Еске салайық, Михаил Шайдоров 14 ақпанға қараған түні Милан–Кортинадағы XXV қысқы Олимпиада ойындарында еркін бағдарламамен өнер көрсетіп, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан алғашқы Олимпиада алтынын жеңіп алған еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны тарихи жеңісімен құттықтап, оны II дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттау туралы шешім қабылдаған болатын.

Материал авторы