875

Сәуле Базарханның қазасы: Депутат министрлікке қатаң талап қойылды

Депутат соңғы апталарда екі өлім тіркелгенін айтып, жүйелі тексеріс қажет екенін ескертті.

Сәуле Базарханның қазасы: Депутат министрлікке қатаң талап қойылды
instagram.com/saule_bazarkhan

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда блогер Сәуле Базарханның қазасына байланысты Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Денсаулық сақтау министрлігі жеке клиникаларға бақылауды күшейтуі қажет екенін мәлімдеді.

Бұл туралы ол Мәжіліс кулуарында журналистер сұрағына жауап беру кезінде айтты.

Депутаттың айтуынша, косметологиялық процедура кезінде науқастың қаза табуына байланысты тиісті медициналық мекемеге қатаң тексеріс жүргізу керек.

«Бізде кейбір ықпалды тұлғалар медициналық қызметпен айналысып, түрлі зертханалар ашып алған жағдайлар бар. Оларға тексеріс жүргізілгені тиімді емес. Бірақ өткен жылы біз осындай ұйымдарды тексеру құқығын қайта қалпына келтірдік. Конституцияда ең басты құндылық — адам өмірі екені нақты жазылған. Сондықтан мұндай жағдайда қатаң тексеріс қажет», — деді депутат.

Оның айтуынша, тексеріс тек құжаттық емес, техникалық талаптар мен санитарлық нормалардың сақталуын да қамтуы тиіс.

«Барлық препараттардың сертификаты болуы міндетті. Бірақ олардың бір бөлігі заңды талаптарға сай келмеуі мүмкін. Денсаулық сақтау министрлігі бұл істі мұқият тексеруі керек, себебі соңғы бір аптада екі өлім тіркелді — бұл салада жүйелі мәселе бар екенін көрсетеді», — деді ол.

Депутат жастар арасында косметологиялық және пластикалық операцияларға сұраныстың артуы қауіпті тенденцияға айналғанын да атап өтті.

«Көпшілік бұл процедураларды қауіпсіз деп ойлайды. Алайда препараттардың құрамы ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Тіпті қарапайым аллергиялық шоктың өзі өлімге соқтыруы ықтимал», — деп түйіндеді Мұрат Әбенов.

Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желіде блогер Сәуле Базарханның қазасы туралы ақпарат тараған еді. Жақындарының айтуынша, ол 15 мамырда Алматыдағы жеке клиникада жоспарлы липосакция операциясы кезінде көз жұмған. Оқиғаға байланысты Алматы қалалық полиция департаменті де түсініктеме берді.

Қайғылы жағдайдан кейін медициналық мекеме алғашқы ресми мәлімдемесін жасаған.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор