Ақтауға әлемге танымал актриса келді
Оңтүстік Кореядағы ең танымал актриса Маңғыстау өңірінде фильмге түспек.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтау әуежайында Оңтүстік Кореяның әйгілі актрисасы әрі әншісі Пэ Су Джи (Bae Suzy, Сюзи) түсірілген видео әлеуметтік желілерде кең таралды.
Кадрларда әуежай қызметкерлері оны «Welcome to Aktau» жазуы бар қарсы алу лентасымен қарсы алғаны көрінеді. Сонымен қатар актрисаның жанындағы бір адамға қазақстандық шоколад табысталған. Ал жанкүйерлердің бірі Сюзиге гүл шоғын сыйлаған.
Threads желісіндегі қолданушылардың бірі актрисаның келуі Маңғыстау облысындағы түсірілім жұмыстарына байланысты болуы мүмкін екенін жазды. Оның айтуынша, өңірде кореялық түсірілім тобы жұмыс істеп жатыр, ал жобада Пэ Су Джимен бірге Джи Чан Ук пен Ли Су Хёк те қатысуы ықтимал. Бұл деректер ресми түрде расталған жоқ.
Пэ Су Джи — Оңтүстік Кореядағы танымал актриса және әнші, бұрынғы miss A тобының мүшесі. Ол «Арманға құштарлар», «Сен ұйықтап жатқанда», «Стартап» және «Анна» сияқты телехикаялардағы рөлдері арқылы кең танымалдыққа ие болған. Әсіресе «Анна» драмасындағы ойыны сыншылар тарапынан жоғары бағаланған.
Жұлдыздың Ақтауда көрінуі әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқылауға себеп болды.
Материал авторы