Meta Instagram, Facebook және WhatsApp-та ақылы жазылымдарды іске қоса бастады

Енді Stories және жасанды интеллект қызметтерінің бір бөлігі тек ақылы түрде қолжетімді болады.

Meta Instagram, Facebook және WhatsApp-та ақылы жазылымдарды іске қоса бастады
M. Chang/ZUMA Press/picture alliance

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Meta Platforms компаниясы бірнеше айға созылған жабық тестілеуден кейін Instagram, Facebook және WhatsApp қолданушылары үшін ақылы жазылымдарды кезең-кезеңімен іске қоса бастады.

Жаңа жүйе аясында Instagram Plus, Facebook Plus және WhatsApp Plus тарифтері енгізіледі. Бұл жазылымдар тегін нұсқада қолжетімсіз бірқатар қосымша функцияларды ашады. Олардың қатарында Instagram мен Facebook Stories статистикасының кеңейтілген түрі, уақытша жарияланымдардың сақталу мерзімін 24 сағаттан ұзарту мүмкіндігі, жеке дизайн тақырыптары және реакциялардың жаңа түрлері бар.

Ақылы жазылымдардың бағасы да белгілі болды. Instagram Plus пен Facebook Plus айына 3,99 АҚШ долларынан ұсынылса, WhatsApp Plus жазылымы 2,99 доллар көлемінде болады.

Компания сонымен қатар Meta One бағдарламасы аясында жасанды интеллект қызметтері, бизнес-аккаунттар және контент авторларына арналған жаңа ақылы тарифтерді тестілеуге кірісетінін мәлімдеді.

Ақылы жазылымдар туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желіде тараған скриншоттар арқылы белгілі болған. Тестілеу кезеңінде пайдаланушыларға Stories-ті әртүрлі аудиторияға бөлу, көрермендер тізімінен іздеу жүргізу, жарияланым мерзімін ұзарту сияқты мүмкіндіктер берілген. Сонымен қатар Instagram Plus қолданушылары үшін арнайы «супер жүрек» реакциясы пайда болған.

Meta One бренді компанияның барлық ақылы қызметтерін біріктіретін ортақ жүйе болады. Сондай-ақ Meta жасанды интеллект көмекшісінің ақылы және тегін режимдерін қатар дамытпақ. Тегін нұсқа шектеулі функциялармен жұмыс істейді, ал кеңейтілген мүмкіндіктер тек жазылым арқылы қолжетімді болады.

Компания өкілдерінің айтуынша, Meta AI толықтай жабылмайды, бірақ оның кейбір функцияларын пайдалану үшін ақылы жазылым талап етіледі.

Материал авторы