911

«Басқа әйелмен төсекте жатқан»: Сотта марқұмдардың туысы ауыр мәлімдеме жасады

Марқұмдардың туыстары сотта Сәрсемәлиевтің «абайсызда болды» деген нұсқасымен келіспейтінін ашық мәлімдеді.

«Басқа әйелмен төсекте жатқан»: Сотта марқұмдардың туысы ауыр мәлімдеме жасады
azh.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жангелдин ауылындағы жантүршігерлік қылмысқа қатысты сотта қаза тапқан отбасының туыстары Сұлтан Сәрсемәлиевтің айтқан уәждерін жоққа шығарды. Іс Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр. Бұл туралы АқЖайық басылымы жазды. 

Сот отырысында марқұмдардың туысы Шилмағамбетова куәлік берді. Оның айтуынша, күдік ең алдымен Наурыз Мұқанғалиевке тиесілі малдың жаппай сатылуынан кейін туған.

Әйелдің сөзінше, ол бауырымен телефон арқылы байланыса алмаған — нөмірі үнемі өшірулі тұрған. Алайда WhatsApp арқылы хаттар келе берген.

Куәгердің айтуынша, өткен жылдың қарашасынан бастап Сұлтан Сәрсемәлиев өзін Наурыз Мұқанғалиев ретінде таныстырып, туыстарына хабарлама жіберген. Хаттарда енесі Нәсіп Өтешқалиеваның аяғы ауырып, оны Ташкентке емге алып кеткені айтылған. Сондай-ақ ем-дом шығындарына байланысты отбасы малын сатып жатқаны жазылған.

Адвокаттың сұрақтарына жауап берген Шилмағамбетова Ақбаян Мұқанғалиева күйеуінің қысымы мен зорлығы туралы ешқашан айтпағанын жеткізді.

«Мен одан: «Бесінші балаңа жүкті болып жүріп неге кетіп барасың?» деп сұрадым. Ол Сұлтанның басқа әйелмен төсекте жатқан суретін көрген соң ажырасуға бел буғанын айтты», — деді куәгер сотта.

Сондай-ақ ол айыпталушының Наурыз Мұқанғалиевтің өлімі абайсызда болды деген нұсқасымен келіспейтінін мәлімдеді.

«Наурыз жанжал шығаратын адам емес еді», — деді ол.

Туысы Сәрсемәлиевтің алдын ала тыңдауда айтқан сөздеріне де тоқталды. Айыпталушы қылмысқа әйелінің туыстары араласқаны себеп болды деп мәлімдеген еді.

«Бұл бүтін бір отбасын қырып салуға себеп бола ма?» — деді Шилмағамбетова сот залында.

Еске салсақ, бұған дейін Сұлтан Сәрсемәлиев Максот Қарабалинге 9 рет, Насип Өтешқалиеваға 8 рет, ал Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ сұққанын мойындаған болатын. Ал Наурыз Мұқанғалиевтің өлімін қасақана жасалмаған деп сипаттаған.

Материал авторы