551

Баланың өлімінен кейін елдегі 100-ден астам стоматология жабылды

Кейбір стоматологиялар бойынша материалдар сотқа жолданып, заңдық процесс басталды.

Баланың өлімінен кейін елдегі 100-ден астам стоматология жабылды
Shutterstock / SweetLeMontea

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда стоматологиялық клиникаларды жаппай тексеру аяқталып, нәтижесінде жүзден астам мекеме лицензиясынан айырылды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Жүсіпов мәлімдеді.

Сенат кулуарында сөйлеген комитет басшысының айтуынша, ел бойынша шамамен 500 тексеру жүргізілген. Соның қорытындысында 104 стоматологиялық клиника лицензиясын өз еркімен қайтарып, жұмысын тоқтатқан.

«38 клиника бойынша материалдар сот органдарына жолданды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес лицензия екі жағдайда қайтарылады: меншік иесінің өз шешімімен немесе сот шешімі арқылы», — деді Бауыржан Жүсіпов.

Алайда жабылған стоматологиялардың нақты қай өңірлерде орналасқаны әзірге нақтыланбады.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі 313 стоматологиялық мекеме тексерілгенін, оның 143-і қызметін ерікті түрде тоқтатуға шешім қабылдағанын хабарлаған еді.

Жаппай тексерулер Астанадағы жантүршігерлік оқиғадан кейін басталды. Жеке стоматологиялардың бірінде кішкентай қыз наркоздан оянбай, тіс емдеу креслосында көз жұмған болатын.

Сот барысында қызға бір мезетте 18 тісіне ем жасалғаны белгілі болды. Сондай-ақ отырыста стоматологиялық кабинеттен түсірілген бейнежазба көрсетілді.

Іс бойынша айыпталған анестезиолог өз кінәсін мойындамай, қолдан келген көмекті толық көрсеткенін айтқан. Кейін сот оған үкім шығарды.

Материал авторы