Сәрсемәлиев соты: Марқұмдардың жәрдемақысы туралы жаңа дерек айтылды
Тергеу мәліметінше, Сұлтан Сәрсемәлиев марқұмдардың зейнетақыларын оларды өлтіргеннен кейін де алып отырған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда қаралып жатқан Жангелдин ауылындағы резонансты іс бойынша сотта жаңа мәліметтер жария болды. Айыптау тарабының нұсқасына сәйкес, Сұлтан Сәрсемәлиев бұрынғы әйелінің төрт туысын өлтіргеннен кейін де олардың банк карталары мен шоттарын пайдалануды жалғастырған.
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында прокурор Мирас Бауржанов қаза тапқандардың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдеріне қатысты айыптың жай-жапсарын айтты.
Айыптау актісіне сәйкес, Сәрсемәлиев «Qazpost» АҚ мен «Halyk Bank» АҚ-да ашылған шоттар арқылы Нәсіп Өтешқалиева, Мақсот Қарабалин және Мейрамгүл Қарабалинаның қаражатын заңсыз иемденген.
Тергеу мәліметінше, айыпталушы Нәсіп Өтешқалиеваның банк картасы мен есепшоттарын пайдаланып, Атырау облысы бойынша әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті департаментіне 169 536 теңге 62 тиын көлемінде шығын келтірген.
Ал Максот Қарабалиннің шоттары арқылы 217 619 теңге алынғаны айтылды.
Тағы 215 487 теңге Мейрамгүл Қарабалинаның банк карталары мен шоттары арқылы шешілгені мәлім болды.
«Осылайша, Сәрсемәлиев Сұлтан Самиголлаұлы Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 4-тармағында көзделген қылмыстық құқықбұзушылықты — бірнеше рет сенімге қиянат жасау арқылы бөтен мүлікке иелік етуді, яғни алаяқтық жасаған», — деді прокурор.
Сот процесіне жәбірленуші тарап өкілі ретінде Атырау облыстық әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитеті департаменті де қатысып жатыр.
Департамент басшысының орынбасары Айгерім Бекқалиева ведомство айыпталушыдан 766 311 теңге өндіруді талап етіп отырғанын айтты.
Оның сөзінше, Наурыз бен Мейрамгүл Мұқанғалиевтер 2005 жылдан бері мүгедектік бойынша жәрдемақы алған.
Ведомство дерегіне сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев қайтыс болғаннан кейін өткен жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында оның атына 520 996 теңге көлемінде төлем алынған.
Сонымен қатар Нәсіп Өтешқалиева қайтыс болғаннан кейін желтоқсанда шамамен 84 мың теңге, Максот Қарабалиннің өлімінен кейін 96 мың теңгеге жуық, ал Мейрамгүл Мұқанғалиеваның атынан 74 мың теңге көлемінде төлем рәсімделгені айтылды.
Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы Наурыз Мұқанғалиевке тағайындалған III топ мүгедектігі бойынша жәрдемақыны, Мейрамгүл Қарабалинаның желтоқсан айындағы төлемін, сондай-ақ Мақсот Қарабалин мен Нәсіп Өтешқалиеваның зейнетақысын иемденіп, пайдаланған.
Материал авторы