«Жылап тұрған дауысын естідік»: Нәсіп Өтешқалиеваның өлімінен 3 күн өткен соң аудиожазба келген
Сұлтан Сәрсемәлиевтің сотында марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның туған інісі Тілекқабыл Өтешқалиев куәлік берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты өтіп жатқан резонансты сот процесінде марқұм Нәсіп Өтешқалиеваның туған інісі Тілекқабыл Өтешқалиев куәлік берді. Оның сөзінше, айыпталушымен іс жүзінде жақын араласпаған.
Куә сотта Сәрсемәлиевті алғаш рет жиені Ақбаянды алып қашқаннан кейін көргенін айтты.
«Алғаш рет жиенім Ақбаянды алып қашқан кезде көрдім. Кейін өздері үйге келген. Содан кейін тек сотта жолықтым. Арамызда ешқандай жанжал болған жоқ. Оны бір-ақ рет көрдім, ата-анасын ғана танимын», — деді ол.
Тілекқабыл Өтешқалиев сот барысында Мақсот Қарабалин, Нәсіп Өтешқалиева, Наурыз және Мейрамгүлмен соңғы байланыстары туралы айтып берді. Оның сөзінше, 2025 жылдың қыркүйегіне дейін Мақсотпен WhatsApp және телефон арқылы сөйлесіп тұрған. Кейін ол байланысқа шықпай қойған.
«Мақсот, Нәсіп, Наурыз, Мейрамгүл — ешкімге зияны жоқ, өз тіршілігімен жүрген адамдар еді. Ақбаян ауырғанға дейін онымен көп араласқан жоқпын. Негізінен Мақсот, Нәсіп және Наурызбен сөйлесіп тұрдым. Соңғы рет Мақсотпен қыркүйекте хабарластық. Кейін телефон көтермейтін болды. Неге жауап бермейтінін сұрағанда, телефон жоғалтып алғанын айтты. Кейде Наурыз жұмысынан келіп, телефон беріп сөйлестіретін. Бірақ Наурызбен де байланыс 2025 жылдың ақпан-наурыз айларынан кейін үзілді», — деді куәгер.
Оның айтуынша, туыстары Атырауға соңғы рет 2025 жылдың 19 қыркүйегінде келген. Сол кезде күйеу баласы Мақсот ауылда қалып, мал қараған.
Соттағы ең шошытқан жайттардың бірі — Нәсіп Өтешқалиеваның атынан келген аудиохабарлама болды. Айтуынша, әйел 4 қарашада көз жұмғанымен, 7 қараша күні оның дауысымен хабарлама келген.
«Соңғы рет 1 қарашада жазды. Жағдайымызды сұрады. Ал 7 қарашада жылап тұрған дауысын естідік. «Амансыңдар ма?» деп сұраған. Содан кейін мүлде сөйлеспедік.
— Бірақ ол 4 қарашада қайтыс болды ғой. Онда 7 қарашадағы хабарламаны кім жіберді?
— Наурыздың телефонынан тәтем Нәсіптің аудиосы келді. Біздіңше, телефондарды қатар қойып, жазбаны солай жіберген», — деді куә.
Куәгердің айтуынша, қарашадан кейін туыстарынан ешқандай хабар болмаған. Ал Наурыздың телефонынан тек «тәте ем алып жатыр» деген мазмұндағы жауаптар келген.
Сондай-ақ ол отбасы мал сатылып жатқаны туралы әңгімеден кейін іздей бастағанын айтты. 15 желтоқсанда прокуратураға арыз бермек болғанымен, арызы қабылданбағанын жеткізді.
Еске салайық, Сұлтан Сәрсемәлиевке бұрынғы әйелінің туыстарын аса қатыгездікпен өлтірді, мәйіттерді жасырды, алаяқтық жасады және ірі көлемде қаржы жымқырды деген айып тағылып отыр.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың қарашасында жоғалып кеткен. Алдымен ұлы жоғалып, кейін бүкіл отбасы «ем іздеп кетті» деген ақпарат тараған. 2026 жылдың 6 қаңтарында ерлі-зайыптылардың мәйіті өз үйінің ауласындағы сарайдан табылды.
Кейін Индонезияда күдікті ұсталып, тергеуге жауап берген соң жоғалған балалардың денелері де табылған еді.
Материал авторы