Бибісара Асаубаева Қытайдың әлем чемпионын жеңді
Отандық шахматшы Norway Chess турнирінде көш бастап тұр.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Norway Chess Women–2026 турнирінің төртінші турында әлем чемпионын тізе бүктірді.
Sports.kz мәліметінше, қазақстандық шахматшы бұл турда Қытайдың қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюньмен кездескен. Негізгі партия тең аяқталғаннан кейін қарсыластар армагеддон форматында қосымша ойын өткізді.
Қосымша партияда ақ тастармен ойнаған Бибісара Асаубаева небәрі 6 минут 23 секунд ішінде жеңіске жетті. Осы нәтижеден кейін қазақстандық спортшы 1,5 ұпай еншілеп, жалпы есептегі ұпай санын 7-ге жеткізді. Осылайша ол турнир кестесіндегі көшбасшылық орнын сақтап қалды.
Төрт тур қорытындысы бойынша Бибісараның ең жақын қарсыласы — үндістандық шахматшы Дивья Дешмух. Оның еншісінде 5,5 ұпай бар. Ал украиналық Анна Музычук пен қытайлық Чжу Цзиньэр 5 ұпаймен кейінгі орындарға жайғасқан.
Айта кетейік, Асаубаева турнирді сенімді бастаған болатын. Бірінші турда ол үндістандық гроссмейстер Хампи Конеруді жеңсе, екінші турда қытайлық Чжу Цзиньэрді армагеддонда ұтты. Ал үшінші турда Дивья Дешмухқа қосымша көрсеткіштер бойынша есе жіберген еді.
Материал авторы