813

Атырауда велосипед мінген баланы салбыраған сым тоқ соқты

Әкімдік қауіпті сымдарға байланысты қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Атырауда велосипед мінген баланы салбыраған сым тоқ соқты
instagram.com/atyrauoil.official

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Атырауда велосипед теуіп жүрген бала электр сымына соғылып, тоқ соққан. Оқиға «Өркен» ықшамауданында болған.

Оқиға орнынан түсірілген фото мен видео әлеуметтік желіде тарады. Алдын ала мәлімет бойынша, бала велосипедпен келе жатып, төмен салбырап тұрған электр сымын байқамай қалған. Соның салдарынан оны тоқ ұрып, жерге құлаған.

Оқиға орнына жедел және коммуналдық қызмет мамандары шақырылған.

Қала тұрғындары қауіпті электр желілерін уақытында ретке келтіріп, мұндай жағдайлардың алдын алуды талап етті. Олардың айтуынша, ашық жатқан немесе салбырап тұрған сымдар балалар мен жаяу жүргіншілер үшін үлкен қауіп төндіреді.

Атырау қаласы әкімдігінің өкілдері аталған жағдайға байланысты тиісті мекемеге тапсырма берілгенін мәлімдеді.

«Тиісті мекемеге тапсырма берілді. Қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі», — деп хабарлады әкімдік.

Материал авторы