Сотта Сәрсемалиев әкесін көріп жылап жіберді
Айыпталушының әке-шешесі сотта куәлік берді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жангелдин ауылындағы отбасының өліміне қатысты резонансты іс бойынша сотта бүгін айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиевтің ата-анасы куәлік берді. Бұл туралы АқЖайық басылымы жазды.
Бүгін сот процесі куәларды тыңдау кезеңіне өтті. Іс бойынша барлығы 26 куәгер қарастырылған. Олардың 17-сінен түске дейін жауап алу жоспарланған.
Сот залына алғаш болып айыпталушының әкесі Самиғолла Сәрсемәлиев шақырылды. Ер адамның ақсаңдап кіргенін байқаған судья оған отырып жауап беруге рұқсат етті.
Жауап алу басталған сәтте Сұлтан Сәрсемәлиев көз жасына ерік берді. Судья оның жағдайын сұрағанда, адвокаты қысқа ғана «уайымдап отыр» деп жауап қатты.
Әкесі сот алдында ұлын сабырлы, отбасына жақын адам ретінде сипаттады. Оның айтуынша, Сұлтан темекі шекпеген, насыбай қолданбаған, құмар ойын ойнамаған және жанжалдан қашық жүрген.
«Отбасына алаңдайтын. Жауапкершілігі бар еді», — деді куәгер.
Сонымен қатар ол ұлын толық ақтауға тырыспайтынын да айтты.
«Кімнің кінәлі екенін сот анықтап, бұл іске нүкте қояды деп сенемін», — деді ол.
Әкесінің сөзінше, ол әлі күнге дейін болған жағдайға сене алмайды және ұлының мұндай қылмысқа баруы мүмкін деген ойды қабылдай алмаған.
Самиғолла Сәрсемәлиев немерелеріне үнемі барып тұратынын жеткізді. Оның айтуынша, бір бала сәбилер үйінде болса, қалған төртеуі кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында жүр.
Сот барысында ол Сұлтан мен бұрынғы жары Ақбаян Мұқанғалиеваның арасына өзге адамдар араласуы мүмкін деген пікір айтты. Алайда судья мұның адам өлтіруге себеп бола алатынын нақтылап сұрады.
«Ешкім олай ойламайды және ешкім олай демейді», — деп жауап берді куәгер.
Ол қазіргі жастардың ата-анадан бөлек тұруды жиі таңдайтынын да сөз етті.
Ұлының балалық шағы туралы айтқан әкесі оның психологиялық жарақат алмағанын, ауыр күйзеліс көрмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ Сұлтан мен Ақбаян арасында үлкен жанжал байқамағанын айтты.
«Оның Ақбаянға қол көтергенін де, дөрекі сөйлегенін де көрген емеспін», — деді ол.
Судья ерлі-зайыптылар арасында не болуы мүмкін екенін сұрағанда, куәгер тұрмыстық келіспеушіліктер болуы ықтимал деген пікір білдірді.
«Қазақта ерлі-зайыптылардың арасына бөтен адам араласпайды деген сөз бар», — деді ол.
Айыпталушының әкесі 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларындағы оқиғалардан мүлде бейхабар болғанын айтты. Марқұмдардың туыстары Мұқанғалиевтер отбасымен байланыса алмай жүргенін жеткізгенде, ол олардың басқа жаққа кетіп қалған шығар деп ойлаған.
Кейін оған Сұлтан мен Ақбаян Өзбекстанда жүр деген ақпарат айтылған. Шын мәнінде не болғанын тек арада уақыт өткен соң ғана білгенін жеткізді.
Куәгердің айтуынша, ол Максот Мұқанғалиевті соңғы рет қызына келіп кеткен күні көрген. Сол кезде жастарға бөлек шықпауға кеңес бергенімен, оны ешкім тыңдамаған.
Одан кейін сотта айыпталушының анасы Гүлнар Азмұханова куәлік берді. Ол сот сұрақтарына жауап беруден бас тартты. Осыған байланысты судья тергеу кезінде берген жауабын оқып берді. Әйел ол жауаптарды толық растайтынын айтты.
Сот залынан шығар алдында Гүлнар Азмұханова ұлына қарата сөз сөйлеуге рұқсат сұрады. Ол Сұлтанның бес баласы бар екенін еске салып, қандай жағдай болса да олардың әкесі болып қала беретінін айтты.
«Сен бұл өмірдің қызығын көрмедің. Өмір бойы күрестің. Мықты бол. Өмір үшін күрес. Балаларыңа әкелері бар екенін айтып отырамын», — деді анасы.
Сот процесі жалғасып жатыр.
Материал авторы