Жасырын ұйымдастырылған көкпар 14 жастағы баланың өлімімен аяқталды
Ұйымдастырушылар көкпарды әкімдікке ескертпей, жасырын өткізгені белгілі болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Целиноград ауданында жеке ұйымдастырылған көкпар ойыны қайғылы жағдаймен аяқталды. Аттан құлаған 14 жастағы мектеп оқушысы ес-түссіз қалып, көз жұмды. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 26 мамырда Рақымжан Қошқарбаев ауылдық округінің аумағында болған.
Жергілікті билік мәліметінше, көкпар азаматтардың жеке бастамасымен ұйымдастырылған. Іс-шара ресми спорттық немесе мәдени-көпшілік шара ретінде тіркелмеген және оны жергілікті атқарушы органдар өткізбеген.
Әкімдікке ойын өткізу туралы ешқандай хабарлама, өтініш немесе келісім сұрауы түспеген. Ұйымдастырушылар көкпарды жасырын түрде өткізгені айтылды.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған баланың ересектер арасындағы қауіпті ойынға қалай қатысқанына қатысты сұрақтар көбейді.
Алдын ала мәлімет бойынша, бастапқыда көкпарға тек ересек азаматтар қатысқан. Кейін марқұм жасөспірім туыстарымен бірге ойын өтетін жерге келген. Бір сәтте ойыншылардың бірі көкпарды жалғастыра алмай қалғандықтан, ұйымдастырушылар 14 жастағы баланы оның орнына шығарған. Сол шешім қайғылы жағдайға әкелді.
Аудан әкімдігі мен облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы оқиғаға қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Шенеуніктердің сөзінше, аталған елді мекенде бюджет есебінен қаржыландырылатын мемлекеттік көкпар секциялары мүлде жоқ.
Сондай-ақ ойын өткен жердің жеке аумақ екені анықталды. Әкімдік дерегіне сәйкес, қайғылы оқиға «М.С. Нәрікбаев атындағы KAZGUU университеті» АҚ-на тиесілі жерде болған. Құжат бойынша бұл аумақ демалыс аймағы ретінде тіркелген, бірақ нысанның ресми атауы жоқ.
Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысында жасөспірімді қауіпті ойынға жіберген ұйымдастырушылардың жауапкершілік деңгейі де қаралады.
Материал авторы