Олег Соколенко Астанада өткен FEI халықаралық турнирінде Қазақстан қоржынына алтын медаль салды
Қазақстандық спортшы Олег Соколенко Cinderella есімді тұлпарымен бірге Астанада өтіп жатқан халықаралық BANK CENTER CREDIT EQUESTRIAN CUP турнирінің жеңімпазы атанды. Аталған жарыс Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) ірі халықаралық додасы аясында ұйымдастырылуда.
Prestige Horse Club клубының өкілі кедергілер биіктігі 140 сантиметр болатын бағытта алтын медаль жеңіп алды. Жүлде үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және бейтарап ту астында өнер көрсеткен спортшылардан құралған 22 спорттық жұп бақ сынады. Олег Соколенко жарыс жолын бірде-бір айып ұпайынсыз аяқтап, 65,81 секунд нәтижемен үздік уақыт көрсетіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Күміс жүлдені халықаралық дәрежедегі спорт шебері Сергей Петров Nero Van’t Prinsenveld тұлпарымен иеленсе, қола медаль Conte Rico есімді арғымағымен өнер көрсеткен Олеся Лукинаға бұйырды. Екі спортшы да бейтарап ту астында өнер көрсетті. Осылайша, халықаралық деңгейдегі мықты қарсыластармен тартысты бәсекеде жеңіс қазақстандық спортшының еншісіне тиді.

Жарыстағы бәсекенің аса жоғары деңгейі бұл жеңістің құнын арттыра түсетін тағы бір жайт. Сайыс алаңына шыққан спортшылардың басым бөлігі маусым бойы FEI Еуразиялық лигасының халықаралық турнирлерінде көшбасшылар қатарынан түспей келе жатқан тәжірибелі шабандоздар болды. Олардың көбі Олег Соколенкоға Ташкент пен Бішкекте өткен FEI Әлем кубогының кезеңдерінен жақсы таныс. Аталған жарыстарда дәстүрлі түрде жүлделі орындар үшін қызу тартыстар ұйымдастырылуда.
Астанадағы жеңіс «Prestige Horse Club» клубы үшін табысты халықаралық маусымның заңды жалғасына айналды. Жуырда ғана клуб спортшылары Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Өзбекстан мен Қырғызстанда өткен FEI Әлем кубогының кезеңдерін 18 медальмен аяқтады. Оның ішінде 7 алтын, 5 күміс және 6 қола жүлде бар.

Олег Соколенко мен Cinderella спорттық жұбы үшін бұл алтын медаль жоғары шеберлік пен тұрақты дайындықтың тағы бір дәлелі болды. Олар маусым бойы халықаралық бағыттарда үздіктер қатарынан көрініп, Еуразия өңірінің ең мықты шабандоздарымен сәтті бәсекелесіп келеді.
Айта кетейік, Астанадағы FEI халықаралық жарыстары жалғасуда. Олег Соколенконың жеңісі қазақстандық команданың өз жеріндегі халықаралық додадағы алғашқы алтын нәтижелерінің бірі болып, отандық ат спорты мектебінің халықаралық аренадағы жоғары деңгейін тағы бір мәрте айғақтады.
