Сот Трамптың атын Кеннеди орталығынан алып тастауды бұйырды
Ақ үй Трамптың еңбегін алға тартса, сот бұл ұстанымды қолдамады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-та федералдық сот президент Дональд Трамптың есімін Джон Кеннеди атындағы Орындаушылық өнер орталығы ғимаратының қасбетінен алып тастау туралы шешім шығарды. Сонымен қатар сот орталықты екі жылға жабуды көздеген қайта жаңғырту жоспарын да уақытша тоқтатты.
Бұл іс бойынша талап-арызды Кеннеди орталығының қамқоршылар кеңесінің мүшесі, конгрессвумен Джойс Битти берген. Оның айтуынша, ол мекемені қайта атау мен реформаларға қарсы пікір білдіруге тырысқанымен, онлайн отырыстар кезінде микрофоны бірнеше рет өшірілген.
Кеннеди орталығына Дональд Трамптың атын беру бастамасын өткен жылдың желтоқсанында қамқоршылар кеңесі көтерген болатын. Кэролайн Левитт бұл шешімді Трамптың соңғы бір жыл ішінде ғимаратты сақтап қалу бағытында атқарған жұмыстарымен байланыстырған. Қазіргі уақытта Трамп орталықтың қамқоршылар кеңесін басқарады.
Бұған дейін АҚШ президенті орталықты 4 шілдеден бастап жабу жоспарын жариялап, ғимараттың техникалық жағдайы күрделі екенін және шұғыл жөндеуді қажет ететінін айтқан еді. Оның пікірінше, нысан кез келген уақытта апатты жағдайға ұшырауы мүмкін болған.
Сот шешімінен кейін Дональд Трамп бұл үкімге наразылық білдіріп, өзіне қатысты соттардың әділетсіз әрекет етіп жатқанын мәлімдеді.
Басылым мәліметінше, жабылу қарсаңында орталық басшылығы қызметкерлердің бір бөлігін жұмыстан босатып үлгерген. Енді сот үкіміне байланысты мекеме ашық қалуы мүмкін, алайда онда мәдени іс-шаралар өткізілмеуі ықтимал.
Материал авторы