Трамп: Иран ядролық қарудан толықтай бас тартуға келісті
Трамптың сөзінше, Иран ядролық қаруды әзірлемеуге де, сатып алмауға да келіскен.
АҚШ президенті Дональд Трамп Иранмен жүргізіліп жатқан келіссөздерге қатысты мәлімдеме жасап, Тегеранның ядролық қарудан бас тартуға келіскенін айтты.
Fox News арнасына берген сұхбатында Трамп тараптардың тиімді келісімге қол жеткізуге жақын қалғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, келіссөздер баяу жүріп жатқанымен, Ақ үй келісімді барынша тиімді шарттармен аяқтауға мүдделі.
«Біз өте жақсы келісімге жақындап қалдық. Егер оған қол жеткізсек, бұл тамаша нәтиже болады. Ал егер мәміле жасалмаса, әскери ведомствоның мүмкіндіктеріне қайта жүгінеміз», – деді АҚШ президенті.
Трамптың сөзінше, Иран бастапқыда тек ядролық қару жасамайтынын мәлімдеген. Алайда кейін мәселе нақтылай талқыланған соң, Иран тарапы әскери мақсаттағы қаруды әзірлемеуге ғана емес, оны қандай да бір жолмен сатып алмауға да келіскен.
Осылайша, Ақ үй басшысы Иранның ядролық қаруға қатысты ұстанымы бұрынғыдан да қатаң сипат алғанын жеткізді.
Айта кетейік, АҚШ пен Иран арасындағы ядролық бағдарламаға байланысты келіссөздер соңғы айларда қайта жанданған болатын. Алайда тараптар арасында түпкілікті келісім әзірге жасалған жоқ.
Материал авторы