Токиода Азия қазақтарының құрылтайы өтті: тарихи меморандумға қол қойылды
Токиоға жиналған қандастар мәдени байланыстарды күшейтудің жаңа жолдарын талқылады.
Жапония астанасы Токио қаласында Азия елдеріндегі қазақ диаспорасының өкілдерін біріктірген Азия қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Жиынға Жапония, Малайзия, Оңтүстік Корея және Моңғолиядан келген 200-ге жуық қандас қатысты.
Іс-шара Жапония қазақтары қауымдастығының бастамасымен, «Отандастар қоры» КеАҚ және Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Құрылтайдың басты мақсаты – Азия елдерінде тұратын қазақтар арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту, өңірдегі қазақ ұйымдарының әлеуетін арттыру және ұлттық құндылықтарды шетелде кеңінен насихаттау болды.
Пленарлық отырысқа түрлі елдерден келген ғалымдар, зерттеушілер, кәсіпкерлер, студенттер мен қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты. Қазақстаннан арнайы барған делегация құрамында Парламент депутаттары, этнографтар және бизнес өкілдері болды.
Қазақстанның Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев құрылтайдың ашылуында сөз сөйлеп, қазақ диаспорасымен жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. Ол Мемлекет басшысының былтырғы Жапонияға ресми сапары кезінде қандастардың жоғары ұйымшылдығын ерекше атап өтті.

Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай шетелдегі қазақтарды біріктіретін мұндай алаңдардың маңызы зор екенін айтып, құрылтай аясында құрылған жаңа кеңесті тарихи қадам ретінде бағалады.
Ал Мәжіліс депутаты Нұргүл Тау шетелдегі отандастардың интеллектуалдық әлеуеті Қазақстан үшін маңызды ресурс екенін жеткізді.
«Отандастар қоры» КеАҚ президенті Данияр Қадыров қандастардың ана тілін, мәдениетін және ұлттық болмысын сақтауға бағытталған жұмыстар жалғасатынын мәлімдеді.
Құрылтай барысында белгілі ғалымдар мен зерттеушілер қазақ тарихы, мәдени мұрасы, қазақ-жапон байланыстары, көшпелі асхана дәстүрі және ұлттық музыка тақырыптарында баяндамалар жасады.
Азия қазақтарының кеңесі құрылды
Токио құрылтайының басты нәтижесі – Азия қазақтарының кеңесін құру туралы меморандумға қол қойылуы болды.
Құжатқа Малайзия, Жапония, Оңтүстік Корея және Моңғолиядағы қазақ қауымдастықтарының жетекшілері қол қойды. Жаңа кеңес аймақтағы қазақ ұйымдарының өзара ынтымақтастығын күшейтіп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Жапония қазақтары қауымдастығының төрағасы Әбдібек Қалибек бұл шешім бірнеше жылдық жұмыстың нәтижесі екенін атап өтті.
Қазақ мәдениеті кеңінен насихатталды
Құрылтай аясында ұлттық киімдер мен қолөнер бұйымдарының көрмесі ұйымдастырылды. Сондай-ақ қазақтың тұсаукесер дәстүрі көрсетіліп, оның тәрбиелік мәні түсіндірілді.
Салтанатты рәсімде Жапониядағы тұңғыш қазақ сумошысы Ерсін Балтағұл бүлдіршінге ақ батасын берді.

Кешкі мәдени бағдарламада жапондық домбырашы Акира Құрманғазы өнер көрсетсе, Арқайым тобы ұлттық музыканы дәріптеді. Сонымен қатар жас өнерпаздар Нұрбек Елемес пен Yenlik заманауи әндерін орындады.
Токио төріндегі бұл жиын Азиядағы қазақ диаспорасының ынтымағын нығайтып, жаңа серіктестік кезеңінің басталуына негіз қалады.
