Астана – Павлодар жолындағы апаттан жолаушы екі аяғынан айырылды (ВИДЕО)
Куәгерлер зардап шеккен жолаушының жағдайы өте ауыр болғанын айтады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында Астана – Павлодар автожолында болған ауыр жол апаты бойынша тергеу басталды. Оқиға салдарынан үш адам ауруханаға жеткізілген.
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, апат 29 мамыр күні кешкі сағат 21:00 шамасында Төртқұдық ауылы маңында болған. Қара түсті Hyundai Tucson көлігі жол жиегіндегі қоршау конструкциясына соғылған.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала деректер бойынша көлік жүргізушісі жолдағы металл тосқауылға соқтығысқан.
«Жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша тергеу жүргізілуде. Апат салдарынан үш жолаушы медициналық мекемеге жеткізілді. Көлік арнайы айып тұрағына қойылды», – деп хабарлады полиция.
Жергілікті пабликтердің мәліметінше, көлікті 2004 жылы туған жүргізуші басқарған. Ең ауыр жарақатты 2005 жылы туған жолаушы алған.
Куәгерлердің айтуынша, зардап шеккен азаматтың жарақаты аса ауыр болған. Оқиға орнында оның бір аяғынан айырылғаны, кейін дәрігерлер екінші аяғына да ампутация жасауға мәжбүр болғаны айтылуда. Сондай-ақ жедел жәрдемнің оқиға орнына шамамен бір жарым сағаттан кейін жеткені, осы уақыт бойы зардап шеккен адамның есін жоғалтпағаны хабарланды.
Ақпаратқа сәйкес, оны Екібастұзға жеткізу кезінде жағдайы күрт нашарлап, кейін жансақтау бөліміне жатқызылған.
Оқиғадан кейін әлеуметтік желі қолданушылары жолдың жағдайына қатысты да пікір білдірді. Кейбір тұрғындар апат болған учаскеде шұңқырлардың көп екенін айтып, жол қауіпсіздігі мен қоршау конструкцияларының сапасына қатысты сұрақ көтерді.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстандағы бірқатар республикалық ақылы жолдарда жол ақысын алу уақытша тоқтатылған болатын. Сол тізімге Астана – Павлодар бағытындағы жол учаскесі де енген.
Материал авторы