Астанада көлік жарылысынан зардап шеккен бес адамның жағдайы ауыр
Жарылыстан кейін төрт ересек адам мен бір бала шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген еді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада жеңіл көліктің өртенуі салдарынан зардап шеккен бес адам ауруханада ауыр жағдайда жатыр. Олардың арасында бір бала бар.
Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, төрт ересек адам №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілсе, бала №2 көпсалалы балалар ауруханасына жатқызылған. Дәрігерлер барлық науқастың жағдайын ауыр, бірақ тұрақты деп бағалап отыр.
Медицина қызметкерлері зардап шеккендерге қажетті ем-домның толық көлемін көрсетіп жатыр.
Еске салсақ, оқиға Астананың Сарайшық ауданындағы Қ. Аманжолов көшесінде болған. Жол бойында тұрған жеңіл автокөлік кенеттен өртеніп кеткен. Оқиға орнына өрт сөндірушілер мен Апаттар медицинасы орталығының мамандары жедел жеткен.
Алдын ала мәлімет бойынша, құтқарушылар келгенге дейін көлікте газ-ауа қоспасының жарылысы болған. Осыдан кейін өрт тұтанып, жалын маңайда тұрған бірнеше автокөлікке де зақым келтірген.
Қазір мамандар оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.
Материал авторы