Семейде күтуші әйел 91 жастағы әжені қорлаған
Туыстары камерадан қарт әйелге айтылған ауыр сөздер мен дөрекі әрекеттерді көрген.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Семей тұрғыны 91 жастағы әжесіне күтім жасау үшін жалданған әйелдің қарт кісіге дөрекі қарым-қатынас көрсеткенін мәлімдеді. Туыстарының айтуынша, бейнебақылау камераларындағы жазбалар күтушінің әрекеттеріне қатысты күдік туғызған.
Әжейдің немересі ұзақ уақыт бойы туысының сенімді адамның қарауында екеніне күмән келтірмегенін айтады. Алайда бейнеархивті қарағаннан кейін оның пікірі түбегейлі өзгерген.
Оның сөзінше, жазбаларда күтушінің егде жастағы әйелге ауыр сөздер айтып, қорқытып, дөрекі сөйлеген сәттері көрінеді.
«Ең қиыны – мен бұл адамға сендім. Әжем қауіпсіз жерде деп ойладым. Бірақ жағдай мүлде басқаша болып шықты», – дейді ол.
Бейнежазбаларды қарап шыққан кезде туыстары күтушінің жұмысына қатысты өзге де күмәнді жайттарды байқаған. Атап айтқанда, жұмыс уақытында душ пайдаланғаны, пәтер иесінің жеке заттарын қолданғаны және шкафтардың ішін ақтарғаны айтылды.
Осыдан кейін әйел полицияға арыз түсірген. Алайда оның айтуынша, бастапқыда құқық қорғау органдары күтушіні жауапкершілікке тарту қиын болуы мүмкін екенін жеткізген. Себебі оның әрекеттерінен нақты қылмыс белгілері байқалмауы мүмкін деген пікір айтылған.
Кейінірек Абай облысы полиция департаменті аталған жарияланым бойынша тексеру жүргізілгенін хабарлады.
Ведомство мәліметінше, қарт әйелге күтім жасаған азаматша анықталып, полиция бөлімшесіне жеткізілген.
«Тексеру қорытындысы бойынша оның әрекеттерінен Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құқық бұзушылық белгілері байқалды. Атап айтқанда, бұл – басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін қасақана қорлау», – деп мәлімдеді полиция.
Құқық қорғау органдары бұл құқық бұзушылық жеке айыптау санатына жататынын түсіндірді. Осыған байланысты жәбірленуші тарапқа кінәлі тұлғаны жауапқа тарту үшін сотқа жүгіну тәртібі түсіндірілген.
Полиция департаменті жағдай бақылауда екенін атап өтіп, қарт адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын кез келген әрекетке жол берілмейтінін ескертті.
Материал авторы