Жамбыл облысында әскери дрон құлады
Оқу-жаттығу кезінде әскери ұшқышсыз аппарат апатты жағдайда жерге қонған.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жамбыл облысында әскери техника қатысқан авиациялық оқиға тіркелді. Жоспарлы оқу-жаттығу ұшуы кезінде Қазақстан Қарулы күштерінің Әуе қорғанысы күштеріне тиесілі ұшқышсыз ұшу аппараты апатты жағдайда жерге қонған.
Оқиға 2 маусым күні Талас ауданында болған.
Ресми мәліметке сәйкес, әскери дрон жоспарлы оқу-жаттығу тапсырмасын орындау барысында штаттан тыс қонуға мәжбүр болған.
Құзырлы орган өкілдері оқиға салдарынан зардап шеккендер жоқ екенін хабарлады. Сондай-ақ жердегі нысандарға ешқандай зақым келмеген.
«Оқиға нәтижесінде адам шығыны мен қираулар болған жоқ. Жергілікті тұрғындарға және азаматтық инфрақұрылым нысандарына ешқандай қауіп төнбейді», – делінген хабарламада.
Алдын ала болжам бойынша, ұшқышсыз аппараттың қатты қонуына техникалық ақау себеп болуы мүмкін.
Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін оқиға орнына арнайы комиссия жіберілді. Қазір мамандар апат болған аумақты тексеріп, дронның штаттан тыс қонуына не себеп болғанын анықтап жатыр.
Материал авторы