615

Аптап ыстық Астана – Павлодар тасжолын бүлдірді

Бетон плиталар қызуға шыдамай, тасжолдың беті көтеріліп кеткен.

Аптап ыстық Астана – Павлодар тасжолын бүлдірді
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодар облысында Астана – Павлодар бағытындағы республикалық маңызы бар автожолдың бір бөлігінде бетон жабындысы деформацияға ұшырады. Әлеуметтік желіде тараған видеода жолдың кенеттен көтеріліп, көлік қозғалысына қауіп төндіргені көрінеді.

Оқиға Спутник станциясы мен Екібастұз қаласының аралығындағы учаскеде болған. Куәгерлердің айтуынша, бірнеше сағат бұрын ғана жолда ешқандай ақау байқалмаған.

Желі қолданушылары жол жабынының бүлінуіне өңірдегі аптап ыстық себеп болуы мүмкін деген болжам айтты. Соңғы күндері ауа температурасы 30 градустан асып кеткен.

«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының мәліметінше, 1 маусым күні сағат 13:30 шамасында KAZ04 «Астана – Павлодар» автожолының 1356-шақырымында цемент-бетон жабынының көтерілгені анықталған.

Мамандардың алдын ала қорытындысына сәйкес, ақауға ауа температурасының +35...+37 градусқа дейін күрт көтерілуі себеп болған.

«Мұндай жағдайда бетон плиталар қызудың әсерінен кеңейеді. Соның салдарынан жабын ішінде кернеу пайда болып, кейін жол жабынының көтерілуіне әкелуі мүмкін», – деп түсіндірді ұлттық компания өкілдері.

Ақау анықталғаннан кейін аталған учаскеге уақытша жол белгілері орнатылып, қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Павлодар облыстық филиалына қарасты жол қызметкерлері бүлінген бөлікті бұзып, қалпына келтіру жұмыстарын бастап кетті.

«ҚазАвтоЖол» өкілдері ауа температурасының көтерілуіне байланысты Астана – Павлодар тасжолындағы цемент-бетон жабындарының жағдайына бақылау күшейтілгенін мәлімдеді.

Компанияның дерегінше, 31 мамырдан бастап жолшылар бетон плиталарының көтерілу қаупі бар екі учаскені анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізген.

Ұлттық жол операторы жүргізушілерді жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аймақтарда сақ болуға, уақытша жол белгілерінің талаптарын орындауға және белгіленген жылдамдықтан аспауға шақырды. 

Материал авторы