556

Тоқаев «Штрафстан», «Айыппұлстан» дейтін депутаттарды қатаң сынға алды

Өз ойларының келтелігін көрсете берсін дейді Тоқаев.

Тоқаев «Штрафстан», «Айыппұлстан» дейтін депутаттарды қатаң сынға алды
Ақорда

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқықтық тәртіпті күшейту саясатын сынайтындардың пікіріне жауап берді. Президенттің айтуынша, қоғамдық қауіпсіздік пен заң үстемдігін қамтамасыз ету – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі.

Алатау қаласын дамыту жөніндегі кеңесте сөйлеген сөзінде Тоқаев «Таза Қазақстан» тұжырымдамасының маңызын тағы да атап өтті. Ол қала мен ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін айтты.

Президент экологиялық мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударып, туристік нысандар мен табиғи аумақтардағы азаматтардың тәртібі маңызды мәселе екенін жеткізді.

«Тәртіп бұзушыларды, яғни вандалдарды заңға сәйкес жауапқа тарту қажет. Құқықтық нигилизмге қоғам болып қарсы тұруымыз керек», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаевтың пікірінше, заңды құрметтеу жазадан қорқумен өлшенбейді. Бұл ең алдымен азаматтың жауапкершілік деңгейін көрсететін қасиет.

Сондай-ақ Президент қазіргі геосаяси ахуалдың күрделі екенін айтып, елдегі тұрақтылық пен қоғамдық келісімнің маңызын ерекше атап өтті.

«Қазіргі бұлыңғыр, әскери қақтығысқа толы заманда елімізге татулық пен тұрақтылық ауадай қажет. Онсыз ешқандай реформа да, оң өзгеріс те болмайды», – деді ол.

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдары заң бұзушылықтарға қатаң шара қолдануы тиіс екенін мәлімдеді. Осы тұста ол елдегі құқықтық саясатты «Штрафстан» немесе «Айыппұлстан» деп сипаттайтындарға да тоқталды.

«Кейбір елімізді жақтырмайтын, менсінбейтін кісілер, өкінішке қарай, солардың ішінде Парламент депутаттары да бар, құқықтық әрекеттерімізді «Штрафстан», «Айыппұлстан» деп атайды екен. Мейлі, өз ойларының келтелігін көрсете берсін», – деді Президент.

Тоқаев қоғамға ең алдымен қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік қажет екенін айтып, мемлекет «Заң мен тәртіп» қағидатын батыл түрде жалғастыра беретінін жеткізді.

Оның сөзінше, бұл саясат биліктің емес, халықтың сұранысынан туындаған.

Материал авторы