633

Бишімбаев пен Мәсімовке рақымшылық жасала ма? Вице-министр жауап берді

ІІМ Мәсімов, Бишімбаев және Перизат Қайратқа қатысты мәлімдеме жасады.

Бишімбаев пен Мәсімовке рақымшылық жасала ма? Вице-министр жауап берді
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қазақстанда қылмыстық және әкімшілік рақымшылық туралы заң жобасы талқыланып жатқан тұста қоғамда резонанс тудырған істер бойынша сотталғандардың тағдырына қатысты сауалдар көбейді. Осыған байланысты Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Мәжіліс кулуарында Кәрім Мәсімов, Қуандық Бишімбаев және Перизат Қайратқа рақымшылық қолданылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.

Вице-министрдің сөзінше, аталған тұлғаларға рақымшылық жасау мәселесі қарастырылмайды.

«Сіздер атаған тұлғаларға қатысты жауабым – үзілді-кесілді жоқ. Қылмыстық кодекстің 78-бабы терроризм, экстремизм, мемлекетке опасыздық жасау, сыбайлас жемқорлық қылмыстары және қылмыстық топ құрамында жасалған құқық бұзушылықтар үшін сотталған адамдарға рақымшылық қолдануға тыйым салады. Сондықтан бұл адамдарға рақымшылық жасау мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ және тұрмайды», – деді Санжар Әділов.

Еске салсақ, Кәрім Мәсімов 2022 жылғы Қаңтар оқиғаларынан кейін Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылып, кейін мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталған болатын.

Ал бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев былтыр Салтанат Нүкенованы өлтіріп, азаптады деп танылып, 24 жылға бас бостандығынан айырылған еді. Жазасын ол қауіпсіздігі барынша жоғары қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеп жатыр.

Материал авторы