773

Иран Кувейт әуежайына соққы жасады

Кувейт билігі халықаралық әуежай терминалына жасалған шабуылдан кейін бірнеше адамның жараланғанын мәлімдеді.

Иран Кувейт әуежайына соққы жасады
x.com/W0lverineupdate

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Иранның Ислам революциясы сақшылары корпусы (ИРСК) Кувейт пен Бахрейндегі АҚШ нысандарына соққы жасағанын мәлімдеді. Ал Кувейт билігінің дерегінше, шабуыл кезінде халықаралық әуежайдың жолаушылар терминалы зақымданып, бірнеше адам жараланған.

Tasnim агенттігінің хабарлауынша, ИРСК ракеталар мен ұшқышсыз аппараттарды пайдаланып, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің Бесінші флоты штабы орналасқан нысандарды нысанаға алған. Иран тарапы бұл әрекетті Кешм аралының оңтүстігіндегі мұнай танкері мен телекоммуникациялық мұнараға жасалған шабуылдарға жауап деп түсіндірді.

Кейін ИРСК америкалық «Panaya» мұнай танкеріне де соққы берілгенін хабарлады. Ұйым өкілдері бұған дейін жауап қатаң болатынын ескерткендерін айтып, бұл шабуылдарды қарсы тарапқа «сабақ болуы тиіс» деп бағалады.

Алайда АҚШ Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) Иранның шабуылдары мақсатына жетпегенін мәлімдеді. Америкалық әскерилер Кувейттегі күштерге бағытталған бірнеше дронның әуе қорғанысы жүйелері арқылы жойылғанын және әскери қызметкерлер мен техниканың қауіпсіздігі қамтамасыз етілгенін хабарлады.

Сонымен қатар Кувейт Қорғаныс министрлігі халықаралық әуежайдың T1 жолаушылар терминалы ирандық дрондардың шабуылына ұшырағанын растады. Ресми мәлімет бойынша, терминал ғимараты айтарлықтай зақымдалып, бірнеше адам жарақат алған. Осыған байланысты әуежай жұмысы уақытша тоқтатылып, рейстер басқа бағыттарға ауыстырылды. 

Кейінірек Кувейттің азаматтық авиация басқармасы қауіпсіздік шаралары қабылданған соң әуе қатынасы біртіндеп қалпына келтірілгенін хабарлады. Ал Reuters агенттігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан кемінде бір адам қаза тапқан.

Кувейт билігі елдің қарулы күштері жағдайды жіті бақылап отырғанын және мемлекеттің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін толық дайындық режиміне көшкенін мәлімдеді.

Материал авторы