Трамп Нетаньяхуды «нағыз есалаң» деп атады
Трамп Иранмен келіссөздер туралы айтып, Нетаньяхуды сынға алды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты тың мәлімдеме жасап, Иранның жоғарғы жетекшісі Моджтаба Хаменеимен кездесуге дайын екенін білдірді. Сонымен бірге ол Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуға қатысты айтқан өткір сөздерін де растады.
Pod Force One подкастына берген сұхбатында Трамп Иран басшылығымен тікелей диалог жүргізуге қарсы емес екенін айтты.
«Онымен де, басқаларымен де кездескім келеді. Оқиғалардың қалай өрбитініне қарай, мұндай кездесу бір күні өтуі мүмкін», – деді АҚШ президенті.
Трамптың сөзінше, 56 жастағы Моджтаба Хаменеи Ирандағы маңызды шешімдерді қабылдау үдерісіне белсенді қатысады әрі ел ішінде үлкен беделге ие.
«Ол бұл процестің ішінде жүр. Меніңше, оны қатты құрметтейді. Біз бір-бірімізбен жақсы тіл табысып жатқан сияқтымыз», – деді Ақ үй басшысы.
Сондай-ақ Трамп жақында телефон арқылы сөйлесу кезінде Биньямин Нетаньяхуды «нағыз есалаң» деп атағанын растады.
Оның айтуынша, Израиль мен Ливан арасындағы жалғасып жатқан қақтығыстар Вашингтон мен Тегеран арасындағы келіссөздердің барысына кері әсер етуі мүмкін.
Алайда АҚШ президенті Израиль премьерімен арадағы қарым-қатынасы жақсы екенін де атап өтті.
«Біз бірге өте жақсы жұмыс істедік. Биби маған ұнайды, онымен жақсы араласамын. Мен – соғыс кезеңіндегі президентпін. Ал ол – соғыс кезеңіндегі премьер-министр», – деді Дональд Трамп.
Сонымен қатар Ақ үй басшысы Иранмен келіссөздер қарқынды жүріп жатқанын және олардың нәтижесінде Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол берілмейтініне сенімді екенін айтты.
Басылымның жазуынша, Трамптың қазіргі ұстанымы бұрынғы мәлімдемелерінен айтарлықтай өзгеше. Өткен кезеңде ол Моджтаба Хаменеиді «әлсіз тұлға» деп атап, Иран басшылығына лайық үміткер емес екенін айтқан болатын.
Материал авторы